Ресейде "Платон" жүйесі тарифін көтеру жоспары кейінге шегерілді
Қазір жүк көліктерінің жүргізушілері бұл жолдарда жүргені үшін әр километріне 1 рубль 90 тиын төлейді. Үкімет төлемді 3 рубльге дейін көтергісі келеді. Кәсіпкерлер мен алыс қашыққа жүк тасымалдайтын жүргізушілер бұған қарсы. Олар тарифті көтеру азық-түлік бағасын қымбаттатып жібереді деп біледі.
"Платон" төлем алу жүйесі 2015 жылы 15 қарашада іске қосылған. Ол бойынша, салмағы 12 тоннадан асатын жүк көліктерінен жолға келтіретін зардабын азайту үшін төлем алына бастаған. Бұған Ресейдің ондаған қаласында жүк көліктері жүргізушілерінің қарсылық акциялары басталған. Жүргізушілер сонымен қатар қаржыны жинаумен президент Владимир Путиннің жақын досы Аркадий Ротенбергтің ұлының жекеменшік компаниясы айналысатынына да наразы.
