Геологтар поселкесіне аудандық Мәдениет үйі салынып, соның салтанатты ашылуы әне-міне болады деп отырған көктем күндерінің бірінде осында тұратын апа-жездесінің үйіне облыс орталығынан Мейраш келе қалды. Мектеп бітіргеніне екі жыл болып, бой түзеп қалған сұңғақ та сұлу мүсінді жас қыздың келуі айналасындағы көршілері үшін Мәдениет үйінің ашылуынан кем жаңалық емес секілді еді. Әсіресе қыз жотасындағы тоқпақтай қара бұрымға әркім-ақ еміңе қарайтындай. Өз ажарының көз тойдырарына сенімді ол сұқтанған көздер қадалған сайын тәкаппарлана, екі күн жүрді. Үшінші күні тұрғындардың көптен күткен жаңалығының да анық хабары жетті. Мәдениет үйінің ашылу салтанаты сол күнге белгіленіпті. Кешкілік поселке тұрғындарына көркемөнерпаздар коллективтері өнер көрсетіп, соңынан би болады екен.