Қазақстанда Covid-тен тағы 8 адам көз жұмды, 11 мың адам емделіп жатыр
21 қараша күні Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар саны 8 адамға артты. Аурудан 11 191 адам емделіп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қайтыс болғандардың алтауы – вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқас, екеуі – диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған "коронавирус пневмониясы" науқасы.
Ресми дерек бойынша, ПТР тестімен расталған науқастар арасында 1983 адам қайтыс болса, "коронавирус пневмониясы" науқастары арасында 427 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, коронавирустан айығып үлгермеген 11 191 адамның 3165-і стационарда, 8026-сы амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр.
"Жалпы науқастардың арасында 214 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде 29 науқастың ахуалы аса қатты ауыр деп бағалануда. 23 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр" делінген министрлік таратқан хабарламада.
Қазақстанда вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар саны 125 466-ға, "коронавирус пневмониясы" науқастарының саны 41 159-ға жетті.