Тұрмыста "азап көргенін" айтқан қарағандылық келіншектің күйеуі айыптауға жауап берді
Таяуда қарағандылық Мадина Қалиеваның оқиғасын жазған едік. Ол күйеуінен соққы көргенін және қорланғанын мәлімдеген. Келіншек күйеуінің балалармен көрісуге рұқсат бермейтінін, ал бұл мәлімдемесіне астаналық Сымбат Құлжағарованың өлімі себеп болғанын айтқан. Мақала жарияланғаннан кейін Tengrinews.kz тілшісімен Мадинаның экс-күйеуі Марат Қалиев байланысқа шығып, отбасылық жағдайына қатысты өз көзқарасын айтып берді.
37 жастағы ер адамның айтуынша, 25 жастағы әйелі Мадина Қалиевамен келіспеушіліктер былтыр 17 қарашада басталған. Ол бұл күні балаларды балабақшаға апарғанын еске алады.
"Оралдық, сосын Мәдина қызымыздың күртесін тіктіруге тігінханаға апарған. Бірақ ол бауырымен бірге оралып, киімдерін, тұңғыш ұлымызды алып, кетуге асықты. Дәлізде сұрағыма кетеміз деп жауап берді. "Кішкентайларымыз ше?" деп сұрағанымда маған: "Өзің бірдеңе қыласың" деді", - деп бастады әңгімесін Марат.
Осы оқиғадан кейін 23 қарашада үйіне полиция қызметкерлері келіпті. Құқық қорғау органы өкілдері ұрып-соғу туралы жазылған арыз бойынша келген.
"Ол жарақат бөліміне денесіндегі жарақатын көрсетуге барған-мыс. Мен оларға әйелім бес күн бұрын кетіп қалғанын, одан кейін не болғанын білмейтінімді айтып, түсініктеме жазып бердім. Кешке басқа қызметкерлер келді, олар Мадинаға сот сараптамасын тағайындау туралы анықтаманы тапсырғысы келіпті. Оларға да әйелім мұнда тұрмайтынын, әкесінің үйіне бірнеше күн бұрын кетіп қалғанын айттым
Бес жыл бойында ол осылай жиі жасайтын: балаларды тастап, әкесінің үйіне кетіп қалатын. Бірде тұңғышымызды алып кетіп, кішкентайларды қалдырса, бірде керісінше. Мұндай жағдай қанша рет болғанын да ұмытып қалдым", - дейді ер адам.
Марат Қалиев дзюдодан спорт шебері емес екенін және бұл спорт түрімен ешқашан айналыспағанын айтады. Ол әйелін ұрып-соқпағанын да, бұл деректі растайтын ешқандай да дәлел жоғын баяндады.
"Ойдан шығарып жүргендері. Ұрып-соқсам, дәлелі болар еді. Ешқандай да құжат немесе шағым болған жоқ. Бірақ Мадина қазір жөнсіз айыптап, БАҚ-та жариялатып жүр. Мен оны жұдырықпен ұрған емеспін.
Ол телефонын алып қоятынымды, Интернетке кіруге тыйым салатынымды жазыпты. Бірақ Мадинаның желілерде парақшасы бар, күн сайын бірнеше жазба жариялайды. Осы бес жыл бойында сөйтіп келді", - дейді ол.
Марат әйелінің жас аналардың күнделігі іспетті mom.life сайтында көп отыратынын айтады. Ер адамның айтуынша, әйелі әлеуметтік желілерде күйеуінің ата-анасына ризашылығын білдіріп, пост та жазады екен.
"Бұл сайттағы парақшасын көрсеңіз, көп нәрсе түсінесіз. Ол соққы көргеннен және күйзелістен 30 келі салмақ тастадым дейді. Бірақ парақшасында Мадина "іш вакуумы" жаттығуын жасап жүргенін жазған. Тағы бір жазбасында жеті келі салмақ тастағанын айтыпты. Қазір салмағы 65-70 келі шамасында, салмағымыз да бір, аяғымыздың өлшемі де бірдей. Жүктілігінің соңғы апталарында 80 келіге дейін барды, бұл қалыпты саналады. Бірақ ол мұны есептегеннің өзінде 30 келі салмақ тастамаған", - деп сендіреді ер адам.
Марат келіншегінің шашы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа байланысты күйзелістен түсе бастағаны да өтірік екенін айтады. Шашының түсу себебін, оның айтуынша, әйелі желіде жазған.
Марат Қалиев әйелінің бір әрекетін де баяндады.
"Сенбіде, 28 қарашада үлкен ұлымды менің үйімде қонсын деп жүзуден алып кетуін сұрады. Келесі күні дзюдодан жарыс болып, соған апаруымда сұрады. Сұрағанын орындадым. Енді сұрағым бар: әлеуметтік желілерде мені тиран қылып көрсетсе, маған баланы қалайша тапсырады? Оның үстіне баланың туған әкесі емеспін", - дейді күйеуі.
Күйеуі Мадинаның бірнеше айыптауына да жауап берді.
"Биыл ол магистратураға түскен, бірақ мені оқуға мұрша бермейді деп мәлімдейді. Мұрша бермесем, оқуға қалай түседі? Мен оны әрдайым қолдадым, бір жаққа баруға кедергі болған емеспін, телефонын тартып алып қоймағанмын.
Оның үстіне бір мәселе туындап тұр. Биыл Мадина магистратураны қашықтан оқиды, екінші жылы барып оқуы керек. Сонда балаларды кіммен қалдырғысы келеді? Бұл туралы ойламайды да. Мұнысын түсінбеймін", - дейді ол.
Марат әйелін ата-ана құқығынан айыруды ойламағанын да айтады. Оның ойынша, әйелі "ажырасу үшін соққы көрдім деген оқиғасын ойдан құрастырған". Ол бұл жағдай туыстарына да әсер еткенін айтады.
"Мадина әлеуметтік желіде отырғанды ұнатады, басқа қолданушылардан кеңес сұрап отырады, тіпті интим мәселелерді де сұрайды. Танымал адам болғысы келеді, қоғамның қолдауын тапқысы келеді. Бірақ ол жас ана ғой, балаларға қарауы керек.
Жақында неке бұзу процесі бойынша сот болды, бұдан кейін Мадина желілерде менің суретімді және мекенжайымды жариялады. Үйімде егде жастағы ата-анам тұрады. Бұл жарияланымнан кейін маған үркітіп-қорқыту айтыла бастады, өміріме алаңдаймын", - дейді күйеуі.
Айта кетейік, бұған дейін Мадина Қалиева Tengrinews.kz тілшісіне отбасындағы қиын жағдайды айтып берген болатын. Бұл жарияланымнан кейін, Мараттың айтуынша, полицейлер балаларды әйеліне беруді сұраған. Алайда ер адам бұған неге келісе алмағанын және әйеліне неге тек кездесуге келісім бергенін түсіндірді.
"Бір баламға ерекше қамқорлық керек және арнайы балабақшаға барады. Мадина тұратын жақта мұндай мекеме жоқ. Кенже қызым туабітті тері ауруымен ауырады: суықта жүруге, үй жануарларына жақындауға болмайды, гипоаллерген диетасы керек. Ал Мадинаның әкесінің үйінде мысық, ит бар, үйі суық. Сондықтан балаларымды бермеуге құқым бар. Мадина балаларды алып кетуі үшін органдардың шешімі керек", - деді Марат.
Марат пен Мадинаның қызының қолы
"20 желтоқсанда Мадина полицеймен және репортерімен үйге келді. Өзін, полицейді кіргіздім, ал репортерді кіргізбедім. Себебі қазір карантин, үйімде балалар мен егде жастағы адамдар бар. Оның тіпті бетпердесі де болмады. Бұдан кейін Мадина журналисті үйге кіргізсем, балаларды үйде қалдырамын деді. Бірақ полицейдің видеожетонында бәрі жазылды. Бірақ әйелім көнбей қойды, ақыры журналисті кіргізгенімде Мадина балаларды құшақтап, жылай бастады. Ол бұл әрекетімен балаларды емес, өзін ойлап отыр, барынша лайк жинап, аудиториямды кеңейтсем дейді. Оған балалар керек емес", - деді ол.
Марат пен Мадина 2016 жылы үйленген. 4 жастағы және 3 жастағы екі баласы бар. Мадинаның алғашқы некесінен 7 жастағы ұлы бар. Әйелі үйленгеннен кейін жарты жыл өткенде ұрып-соғу басталды дейді. Бұл туралы толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!