Аптаның соңғы күні
Түу, кеш салқындап кетіпті. Қала сыртындағы таудың тарғыл шыңдары қара көлеңкелерін астына баса жамбастап жатыр. Реактивті самолет күміс қанжардай зуылдап, аспанды тоқым құрлы көрместен тіліп барады.
Біләл ме шақырған? Осы бір жылана шыққан үнінің жағымсызы-ай. Ешқашан да өз атымен атаған емес. Таусылмас Ләйлаштай-жан, күнім, айым...
Қаны сорғыған қадау-қадау бұлттар қайда қашарын білмей мәңгіріп, аспанның қақ ортасында тұрып қапты. Көп қабатты үйлердің терезелерінде қызыл жалқын от маздайды. Түтінсіз жайлап жанып жатқандай.
— Ләйләтай!
Жарылып кетсе де үндемесінші. Сөзін майлап өткізіп, әбден үйреніп алған. Жаңа да жылбысқа жалыныштарды айтпаса сенбейтіндей қайта-қайта есі шыға үздікті. Қолын қаққан жоқ. Жиырма жас дегенін істеді. Қиыршық...