Соңғы сілеусін
Қысқы күн қызыл құлақтана тұлданып тұр. Аспан аппақ, жер тоқпақ дейтін мазасыз мезгіл... Сақылдаған сары аяз алап-жалап барады. Тымақ, күпі киіп, оқшырайған Сүлеймен ақсақал торы атын тебіне түсіп, ара-тұра текіректетіп желіп алады. Түсі суық сұр бұлт аспан астын тұтасымен астарлаған. Әне, анау ойпатта бұйығып жатқан көп үй — Тасбастау фермасы. Ит өлген жер, қысқасы.
Әне-міне дегенше боран басталып берсін. Сүкең көзіне түсе берген тымағын қамшы ұшымен әлсін-әлі көтеріп, жол сорабына шұқшия үңіледі. Тақтақ жол үстімен кіл аққұйрық, қайқы бас боз жыландар сырғып өтіп жатыр. Жаяу борасын... Күн көрінбейді. Сұрқай әлем бұлың-бұлың қараңғылық астында қалып барады. Аты шулы Жеті оба, әне,...