Ақшақар
— Бө-өкен...
Басын көтеріп еді, қызара бөрткен Әсия қатарласып қалыпты.
— Алып жүрші, қолым талып кетті.
Қыз портфелін ұстата салды. «Жеп-жеңіл, ендеше, қол талғаны несі? Ей, бұл қыздан бәрін де күтуге болады...».
Ол қызыл асықтан сәл асатын көбік қарды кешіп келе жатып өстіп іштей кіжінді. Сөйткенмен, көңілінің күңгірт бұрышында қыздың өзімсініп қолқа салғанына ризалық пен әлдеқандай ұялшақ сезім бас көтере қалып еді. Қызды қайдам, Әсия жолап кетсе, бұл ылғи солай. Болмашы себептен жүрегі аузына тығылып, өрекпи қалады не қарадан қарап бойын ыза буады. Қай сиқыры бар екенін кім білсін, әйтеуір, жайбарақат қалмайды. Физикаша сөйлесе, Әсия Бөкен үшін электр өрісі бар...