Ән мен аспаз қыз
Райкүл орындық үстіндегі сағаттың безектеген шырылынан оянып кетті. Оянды да, жылы көрпе астын қимай біраз бұйығып жатты.
Сібірлей таң атып келеді. Терезе әйнектері, қабырға бөлменің тең жартысын алып тұрған орыс пеші азанғы алагеуіммен бұлың-бұлың етеді. Ашық тұрған терезенің тұсынан бір пысықай шымшық шықылықтайды. Қарсы бөлмедегі біреу: «Әй, қайт кейін, кебенек!»-деп қояды. Дәу де болса «Таң нұры» қабырға газетінің бас редакторы Махмұт түсінде қашаған көк серкеге ие бола алмай жүр.
Әлгі шықылықтаған шымшыққа қой қораның қуысына ұя салып, балапан шығарып жүрген көгершіндердің уілі қосылды. Пеш қабырғасы, терезе әйнектері біртіндеп сарғая бастады. Сырттан Аламойнақтың керіліп қойып дүр сілкінгені, аузын арандай ашып, есінегені...