Туған жердің төрт мезгілі
Қыс — қаңтар
хикаят
Астары көк сәтенмен тысталған аспан астында қалғыған шағын ауыл мойнын ішке салып, бейжай бұйығып жатыр.
Екі бала ауыл сыртында егесіп тұр. Рәтай: «Жел үлкен», — дейді. «Р»-ға тілі келмейді. Жер әнеу қараң-құраң көп үйлі колхозды, мынау Емпіртті, қалың ши, Қарасу, керек десе, түстікті ала шынтақтап сұлап жатқан Сауыр, Сайқан секілді үлкен тауларды қыңқ демей көтеріп тұр. Ал Аспанда не бар? Табақтай Күннен басқа түк те жоқ. Оның өзі күні бойы жалғыздан-жалғыз қанкөбелек ойнап жүреді де, айналып-айналып барып, қаны басына шабады, ақыры кешқұрым көкжиекке қып-қызыл бетін басып, құлай кетеді.
Саматқа салса, Аспан үлкен. Оның ішінде түнгі Аспан...