Қарындасы: Арон Атабек комадан шықты, бірақ жағдайы ауыр
– Жағдайы бір қалыпты, комадан шықты, бірақ оянбайды, әлсіздіктен ұйықтай береді. ИВЛ-сіз (жасанды тыныс аппараты) демала алмайды, сондықтан үнемі ИВЛ қосулы тұр. Сөйлемейді, көзін ашады, тамағын өздігімен іше алмайды, тамыр арқылы құйып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, анализдері алғашқы күндерге қарағанда сәл жақсарған. Бірақ бір қалыпты ауыр деп отыр. Тамағын ақырындап спорттық, витамині көп асқа ауыстырдық, - дейді Рәзия Нұтышева.
Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған.
Арон Атабек бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін Павлодар ауруханасында он күн кісендеулі күйі төсекке танылып жатқанын мәлімдеген.
Ұзақ жылдардан бері өзін толық ақтауды талап еткен диссидент ақын биліктің өзіне білдіртпей, Павлодардағы ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға баратын ұшаққа салып жібергенін айтқан.
Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап Алматыдағы ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған. Ол осыған дейін пробация бақылауында болған кезде тұратын мекені ретінде белгіленген Алматыдағы қарындасының үйінде тұрған.