Полиция Диана Баймағамбетова мен Асхат Берсәлімовті ұстап, бірнеше сағаттан соң босатты
16 желтоқсанда Қазақстанда Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасын еске алған күні Алматыда полиция бірнеше белсендіні ұстап, кейін босатты.
Белсенді Диана Баймағамбетованың жақын досы Дидар Қайыровтың сөзіне қарағанда, бейсенбі күні полиция Диана екеуін жұмыс орнынан алып кеткен. Шамамен екі сағаттан кейін босатқан.
– Бағана 10-15 шақты адам бес көлікпен келіп, Алатау полиция басқармасына алып кетті. Себебін түсіндірген жоқ. Сұрақтар қойып тергеді. Екі сағаттай ұстап босатты, – деді кешке қарай Дидар Қайыров Азаттық тілшісіне.
16 желтоқсанда полиция белсенді Асхат Берсәлімовті де Абай мен Байсейітова көшелерінің қиылысынан ұстап, бес сағаттан соң босатқан. Ол маң митингілер өтеді деген орынға өте жақын. Белсенді Facebook парақшасында полицияның алаңға өтуіне кедергі жасап жатқан сәтінен видео жариялады. Онда "жаңа алаңға" баратын жолды бақылап тұрған полиция қызметкерлері белсендіге "рұқсат етілмеген митинг өтіп жатқанын" айтып, өткізбейді. Артынша оқиғаны камераға түсірген белсендіні ұстаған.
"Шаш ал десе, бас алып жатыр ғой. Бес сағатқа жуық уақыт ұстады. [Хаттамаға] қол қой деді, қоймай қойдым" деді полициядан шыққан белсенді бейсенбі күні кешке Азаттыққа.
Бейсенбі күні сәл ертерек полиция Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының үш белсендісін ұстап, Алатау полиция басқармасына апарып, артынша босатқан. Қозғалыс мүшесі Бейбарыс Толымбековтің айтуынша, полиция белсенділердің рюкзактарындағы арт-перформансқа қажет ақ комбинезон мен бояуларды "тәркілеп алған".
Полиция 16 желтоқсанда таңертең белсенді Алмат Жұмағұловты да ұстап, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына жеткізген еді. Оның әйелі Әсел Жұмағұлова бейсенбі күні кешкі сағат 5-тер шамасында күйеуінің әлі полицияда екенін айтты.
Полиция ұстауларға байланысты түсініктеме бермеді.
16 желтоқсанда Қазақстанның әр қалаларында жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, марқұмдардың рухына құран бағыштаған. Алматыда еске алу шарасының соңы тіркелмеген Демократиялық партияның митингісіне ұласып, белсенділер 2011 жылғы қантөгістің шындығы ашылмағанын айтты. Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері арт-перформанс өткізді. Митинг өткен Республика алаңында бірнеше сағат интернет өшірілді. Аумақта полиция күзеті күшейді.
Қазақстанда оппозициялық күштер митингісі қарсаңында немесе шара кезінде полицияның белсенділерді ұстауы жиілейді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырып келеді.