Полиция Бестөбе белсенділеріне қозғалған іс бойынша тергеу амалдарын аяқтады
Бірнеше айға созылған тергеу амалдарынан кейін ауылдың екі тұрғыны Николай Катчиев пен Александр Назаренко "топ болып әлеуметтік алауыздық қоздырды" деген күдікке ілінді. Бұл бап бойынша 5-10 жыл түрме жазасы қарастырылған. Іс материалдары прокуратураға жөнелтілді. Прокуратура айыптау тарабын қолдап, істі сотқа жіберуі мүмкін немесе қайта тергеуге жіберуі немесе қылмыс құрамының анықталмауына байланысты істі тоқтатуы мүмкін.
Экобелсенділер мен қорғау тарабы өздерін негізсіз айыптап отыр деп санайды. Олар тергеу органдарының күдіктері дәлелденбеді, ал Бестөбе тұрғындары наразылық білдірмес үшін қысым ретінде іс ашып отыр деп есептейді. Тұрғындар мен қорғау тарабы іс жабылады деп үміттенеді. Күдіктілердің денсаулығы да нашарлаған.
Қараша айында ауыл халқы Степногорск қаласының әкімін экобелсенділердің қудалану ісіне араласуға шақырған. Ауыл және көрші елді мекен тұрғындары президент пен өзге ведомстволарға қайырылғанмен нәтиже жоқ.
Экологиялық ахуалы нашар Бестөбе елді мекенінің тұрғындары бұған дейін кәсіпорынға қарсы еместігін, бірақ оның тұрғын үйлерге тым жақын орналасқанына қарсы екенін жеткізген. Фабрика біраз уақытқа жұмысын тоқтатқан, ал билік жұмыс тобын құрып, оған жергілікті белсенділер де кірген.
Тұрғындардың айтуынша, компания басшылығымен кездесу кезінде санаулы экобелсенді ғана емес, ауыл халқының басым бөлігі фабриканың ашылуына қарсы болған. Алайда "Қазақалтын Technology" компаниясының шағымымен бірнеше белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
"Қазақалтын" концерніне еншілес "Қазақалтын Technology" компаниясы бұрын Азаттық тілшісіне фабриканы көшіруге себеп те, мүмкіндік те жоқ деп мәлімдеген. Бұған дейін компания полицияға "Бестөбе ауылындағы бастама тобы өкілдеріне қатысты шара қолдануды" сұрап, шағымданған. Шағым түсірушілердің сөзіне қарағанда, жұрт "фабрика жұмысы туралы жалған ақпарат таратып, соның салдарынан тұрғындар фабрика жұмысына наразы болған, кәсіпорын жұмысы тоқтаған".