Министр фермерлердің киіктерге шағымы туралы: Оңай шешімі жоқ
![Министр фермерлердің киіктерге шағымы туралы: Оңай шешімі жоқ](https://gdb.rferl.org/0850465c-2b07-4ea5-b655-b568eb16ffb5_w800_h450.jpg)
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Батыс Қазақстан облысында киіктердің көбеюіне шағымданған шаруалардың арызы жөнінде айтты. Министр нақты жағдайда "оңай шешім көріп тұрмағанын" жеткізді. 23 желтоқсан күнгі брифинг кезінде ол Ауыл шаруашылығы министрлігі түрлі амал қарастырып жатқанын және киіктердің мемлекет қорғауында екенін де ескеру қажеттігін алға тартты.
Биыл мамыр айында Батыс Қазақстан облысының фермерлері киіктердің көбейіп, "егінді таптап, шөпті тып-типыл еткенін" айтып шағымданған еді.
—Мәселені шешудің түрлі жолдары ұсынылып жатыр. Мысалы, далаға шарбақтар орнату. Оған қанша ақша кетеді? Ол оңай шаруа емес. Киіктерден зардап шегіп отырған шаруаларға көмектесу үшін комиссия құрдық. Биыл қуаңшылық болғандықтан кей кезде киіктердің өздері егіс алқаптарына келіп, жайылған. Шығын көлемі кәдімгідей үлкен болды. Шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, әзірге оңай шешім көріп тұрған жоқпыз, – деді ауыл шаруашылығы министрі.
Өсімдік өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі "бірінші кезекте ғылыми әдістерге жүгінген, себебі шарбақ орнату – шығыны көп шаруа".
— Киіктер популяциясы зардап шекпейтіндей олардың көшін жасанды жолмен өзгерту мәселесін көтеріп жатырмыз. Астық егетін және жинайтын уақытта фермерлер зардап шекпейтіндей қандай да бір шешімін табуға көмектесуге уәде берді. Тіпті қару қолданбай оларды үркіту жолын да қарастырдық, – деді Сұлтанов.
"Егінін киіктер таптап, рәсуа қылған шаруаларға қандай көмек беріледі?" деген сұраққа Сұлтанов агросақтандыру бастамасы туралы айтты.
— Бұған дейін ылғал аз немесе көп кезде агросақтандыру пайдаланылған. Енді фермерлерге жеке сақтандыру енгіземіз. Қазір сақтандыру компанияларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Егер фермер киіктерден зардап шексе, өтемақы алады, – деді Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтуынша, киіктердің "шабуылына" Батыс Қазақстан ғана емес, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында кезіккен.
Ауыл тұрғындары бұған дейін билікке киіктердің санын жасанды реттеу мүмкіндігін қарастыруды (киіктерді атуға тыйым 2023 жылға дейін ұзартылған) ұсынған. Алайда ғалымдар асығыс шешім қабылдамауға үндеген.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі биыл мамыр айында Қазақстанда соңғы екі жылда киіктер 334 мыңнан 842 мыңға дейін көбейгенін хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанды киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді үш популяциясы мекендейді. Жануарлардың дүниежүзілік популяциясының (Saiga tatarica tatarica) 90% - дан астамы – Қазақстанда.
2015 жылы елде киіктер жаппай қырылып, дүниежүзілік популяцияның шамамен 60 пайызы жоғалған болатын.