Қырғызстанның Ыстықкөл облысында жүргізуші қазақстандық велосипедшіні қағып кетті
Қырғыз милициясының ақпараты бойынша, Балыкчы — Ананьево — Каракол автожолының 97-шақырымында Lexus RX 330 көлігін айдап келе жатқан 41 жастағы бішкектік жүргізуші Nissan Micra көлігіне соқтығысып, артынша жол жиегінде кетіп бара жатқан 58 жастағы қазақстандық велосипедисті қағып кеткен. Қазақстан азаматы оқиға орнында қаза болды.
Облыстың ішкі істер басқармасы аталған факт бойынша жиналған барлық материал тергеу қызметіне жіберілетінін хабарлады. Арнайы сараптама тағайындалған. Жүргізушілердің ішімдік ішкені-ішпегені анықталып жатыр.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео тараған.
2021 жылдың қорытындысы бойынша, Қырғызстанда 7 437 жол апаты тіркелген. Бұл 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 21,3 пайызға көп. Жол апаты кезінде шамамен 800 адам опат болған. Сарапшылар 6,5 млн халқы бар Қырғызстан үшін мұндай көрсеткіш тым көп екенін айтады.
Ыстықкөл – қазақстандықтар жазда жиі баратын туристік бағыттардың бірі.