Атырауда ауруханаға түскен науқасқа күйдіргі ауру малдан жұққаны анықталды
12 қарашада Атыраудағы мал базардың бірінде өлген сиырдан алынған сынама қорытындысы жануар аса жұқпалы ауруға шалдыққанын анықтаған. Ауру мал Атырауға Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылынан әкелінген.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев қазір науқастың жағдайы тұрақты, ауруханада ем-дом алып жатыр деп хабарлады. Өлген малға жанасып, жақын барған 17 адам анықталып, тексерілген. Ауруханаға түскен шетел азаматынан басқа адамдардан ауру белгілері анықталмаған.
"Оларды инфекционист дәрігерлер тексерді, медициналық бақылауға алынған", – деді Жұмағазиев.
Ол 20 қарашада күйдіргі ошағы анықталған "Асыл-Агро" мал сою цехі аумағында карантин енгізілгенін айтты. Ветеринар мамандар карантин аумағындағы барлық малға толық вакцинация жасап, санитария шаралары жүріп жатыр деді билік өкілі.
Атырау облысына шет жақтан ірі қара мал әкелуді бақылайтын төрт полиция және ветеринария бекеті қойылған. Мамандар вакцинацияны растайтын құжатты тексеріп, малдың жай-күйін тексеріп қарап, қызуын өлшейді. Қауіпсіздік мақсатында Атырау қаласындағы басқа мал сою цехтерінде де осындай шара жүріп жатыр. "Құжаттар болмаса, мал тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынған", – деді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы.
Руслан Жұмағазиевтің ақпаратынша, қазірге дейін үш сиыр өлген. Оның екеуінен қараталақ ауруы табылған, үшінші сиырдан алынған сынама қорытындысы әлі шыққан жоқ.