Тасқын кезінде жұртқа көмектескен иттің өлімі желіде талқыға түсті
Азаттық сөйлескен иттің иесі Зәмзәгүл Жаңабаева оқиға 28 қарашада болғанын айтты. Оның сөзінше, иттің денесіне шприц тиген соң құлаған.
– Пішөн желтоқсанда үшке толар еді. Ауыл балалары оны жақсы көріп, үстіне мінетін. Малға немесе адамға қауіп төндірсе, жағдай басқа болар еді. Бірақ ешкімге зияны жоқ итті атып кетті. Олардың жұмысы сол болар. Итті атқандарға талап қоймаймын, себебі біреудің жұмысына кесіріміз тиіп кетуі мүмкін, – деді Пішөннің иесі Зәмзәгүл Жаңабаева.
Жұбайы Талап Қажымов та әйелінің сөзін қолдап, "біреудің баласын жұмыстан шығарып, обалына қалғымыз келмейді" деді.
Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі желіде талқыға түскен жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Олардың айтуынша, 28 қарашада Махамбет ауданында жергілікті ветеринария станциясына тұрғындардың бірі хабарласып, "аулада бөтен үш ит қараусыз жүр, үйге кіре алмай тұрмын" деп шағынған.
"Оқиға орнына барған мамандар әлгі иттерді ұйықтатын дәрімен атқан. Салдарынан екі ит ұйықтап, үшіншісі дәрі тиген соң өзен жаққа қашып кетіп, белгісіз жағдайда өліп қалды", – деп хабарлады ветеринария бөлімі.
Аудандық прокуратура мен полиция ветеринар мамандардың әрекетінің заңдылығын тексеріп жатыр. Нәтижесі белгілі болған соң, тиісті шара қабылданады деді ауыл шаруашылығы басқармасы.
Биыл көктемде болған тасқын кезінде Пішөн Жайық өзеніндегі су деңгейін бақылап, кезекшілікке шығып жүрген. Адамдарға психологиялық қолдау көрсетіп, жігерлендірген ит осы қабілетімен жұртты тәнті етіп, интернетте көпшіліктің көзайымына айналған еді.