Сандық – халық тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Заман ағымына сай дәстүрлі ортада қолданылған көптеген үй жиһаздары бүгінде қолданыстан шығып, өзінің әуелгі функциясы ұмытыла бастағанмен, сандықтар әлі күнге дейін ұзатылған қызға жасалатын жасаудың бірі ретінде өз мәнін жоғалтпай келеді. Үйдің төрінен орын алатын сандықтардың үстіне жүк жиналады. Сондай-ақ, оның ішіне бағалы дүниелер (асыл бұйымдар, қымбат маталар, киімдер), тәттілер, тіпті ғұрыптық мәні бар заттар сақталған. Сондықтан сандықтардың атқаратын рөлі үлкен болған. Қазақ халқының қолөнері өте бай және ою – өрнектері терең философиялық мазмұнда салынған. Ежелгі бабаларымыз жалғыз сандықтың өзін өрнектермен нақыштап қана қоймай, зергерлік өнердің...