Оңтүстік Кореяның президенті "бүлік ұйымдастырмақ болды" деген күдікке ілінді
Тергеу Юн мен сейсенбі күнгі оқиғаларға қатысы бар өзге де жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты оппозиция шағым түсіргеннен кейін басталған. Президенттің қолсұқпаушылығы туралы норманың бүлікке қатысы жоқ. Мұндай қылмысқа өлім жазасы да қарастырылған.
Оңтүстік Корея аумағында әскери режим тәртібі енгізілетіні туралы жарлық 3 желтоқсан күні жергілікті уақытпен сағат 22:25 кезінде жарияланған. Құжатқа сәйкес, әскери режим тәртібі саяси партиялардың қызметіне, наразылық пен ереуілдерге тыйым салып, цензура енгізген. Сейсенбі түнге қарай телеарнадан жасаған үндеуінде президент Юн Сок Ель әскери режим жағдайын енгізуді конституциялық құрылымды "коммунистік күштерден" және Солтүстік Кореядан төнген қауіп-қатерден қорғау үшін қажет шара деп түсіндірді
Бұдан кейін әскер парламентке басып кірмек болып тұрған шақта депутаттар әскери жағдайды алып тастау туралы шешімге дауыс беріп, шешімнің күшін жойды. Осыдан кейін президент парламент шешімін мақұлдауға мәжбүр болған.
Оппозиция партиялары президентке импичмент жариялау процедурасын әзірлеп жатыр. Ол бойынша дауыс беру 6 желтоқсанда өтеді.
Оппозиция сонымен бірге президенттен бөлек, бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ен Хен, әскер штабының жетекшісі Пак Ан Су сонымен бірге ішкі істер министрі Ли Сан Минге де бүлік бойынша айып тағуды талап еткен.
4 желтоқсанда кешке қорғаныс министрі Ким Ен Хен отставкаға кетті. Ол журналистерге президент Юн Сок Ельге әскери жағдай жариялау туралы жеке өзі кеңес бергенін айтқан. Ким азаматтарды алаңдатқаны үшін кешірім сұрап, "әскери жағдайға қатысты барлық жағдайға" жауапкершілікті мойнына алатынын айтқан.