ІІМ: Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары жылдың соңына дейін аяқталады
"Жыл соңына дейін барлық сараптама нәтижесіне қол жеткізіп, барлық тергеу амалдарын аяқтаймыз. Қылмыстық іс бойынша 11 адам қамауда отыр. Оларға прокурормен келіскеннен кейін айыптар тағылады. Одан кейін қылмыстық іс материалдары тараптарға танысуға беріледі" деді ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов. Оның сөзінен Orda сайты үзінді келтіреді.
Ішкі істер министрінің орынбасары 9 желтоқсанда Талғар қаласы маңынан денесі табылған Нұрғанат Ғайыпбаевтың (Шерзат Полаттың әкесінің бауыры) өліміне қатысты тергеудің барысын да айтқан. Ақпарат құралдарының жазуынша, ол Ғайыпбаев Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе "негізгі куәгерлердің бірі болған".
"Суицид бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медицина сараптамасының нәтижесі қоғамға жеткізілді. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Қазір тергеу жүріп жатыр. Заң бойынша, бұған екі ай берілген, қажет болса мерзім созылуы мүмкін" деді Санжар Әділов.
Сараптама құжатында марқұмның "денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ", мойнында адам асылып өлгенде қалатын із бар, ал "құлағының арты мен желке тұсындағы жараға ұқсас іздер марқұм асылған зат қажағаннан пайда болуы мүмкін" деп жазылған.
Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов желідегі парақшасына Ғайыпбаевтың денесінде қалған көгерген іздер көрінетін фото жариялаған еді. Алматы облысының полициясы да сейсенбіде телеграм-арнасында сол фотоны жариялады, тек суретті бұлдыратып қойғандықтан, іздер анық көрінбейді.
Марқұм Шерзаттың отбасы Ғайыпбаевтың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді.
Биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған еді. Осы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.
Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Болаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.