Тәуелсіздік күні қарсаңында полиция күшейтілген режимге көшті
"Тәуелсіздік күні қарсаңында және Тәуелсіздік күні полиция қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтеді. Мерекелік іс-шаралар өтетін жерлерде, сондай-ақ азаматтар көп жиналатын орындарда және мемлекеттік қорғауға жататын нысандарда полиция күзеті көбейтілді. Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау камераларының көмегімен бақылау күшейтілді" деп жазылған полиция хабарламасында.
Атаулы күндері полицияның күшейтілген режимге көшірілуі Қазақстанда жиі кездесетін практика. Билік мұны "қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету" және "заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу" қажеттілігімен байланыстырады. Мұндай күндері әдетте орталық көшелерде патрульдік көліктер көбейеді.
16 желтоқсанда Қазақстанда Тәуелсіздік күні атап өтіледі.
16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихында екі оқиғамен байланысты. Осыдан 36 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының да үш жылдығы таяп келеді.
Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды.