Бішкекте милиция Азаттық журналистерін ұстап әкетіп, кейін босатты
Билік өкілдері журналист Мақсат Құтманбеков пен оператор Нұрлан Бейшебаевты ішкі істер бөліміне алып кетті. Милиция қызметкерлері Азаттықтың түсірілім тобын тергеу изоляторы алдына келгендердің бірінен сұхбат алғаннан кейін ұстаған. Олар Азаттық журналистерінен түсірген видеоны беруді талап еткен, олар бас тартқан. Бұдан соң милиция БАҚ өкілдерін ішкі істер бөліміне әкеткен.
Біраздан соң журналистер милиция бөлімінен түсініктеме жазып, босап шықты.
Тергеу изоляторы алдына жиналған адамдардың туыстары сол мекемеде қамауда отыр, олар Қырғыз Республикасының жазаны орындау қызметінің басшылығынан елдегі пенитенциар мекемелердегі жағдай туралы ақпарат беруді талап еткен.
Тергеу изоляторына жиналғандардың хабарлауынша, олар қамауда отырған жақындарының таяқ жегені туралы хабар алған соң солардың жағдайына алаңдаған. Олардың алдына тергеу изоляторының өкілдері шыққан жоқ, милиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау қажет деп айтқан.
Бұған дейін Қырғызстандағы бірқатар жергілікті ақпарат құралы елдегі түрмеде отырған адамдар ведомствоның жаңа басшысы болып Шыңғыс Қожошев тағайындалғанына байланысты аштық жариялады деп хабарлаған. 24.kg сайты қамаудағы адамдардың туыстарының сөзіне сүйеніп, арнайы күштер қамаудағыларды ұрып-соғып жатыр, бұған жазаны орындау қызметінің жаңа төрағасы бұйрық берген деп мәлімдеді.
Мекеменің баспасөз қызметі қамаудағы адамдардың аштық жариялағаны туралы ақпаратты жоққа шығарып, пенитенциар мекемелер әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр деді.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің әлеуметтік желілердегі парақшаларына сотталғандардың туысымын деген адамдар жазып, жақындарының таяқ жегені туралы хабар алғанын айтты. Журналист-зерттеуші Болот Теміров телеграм-арнасында тергеу изоляторларынан түскен бірнеше мәлімдемені жариялады.
Теміров бұған дейін жазаны орындау қызметінің жаңа басшысы бұрын Қырғызстанның қазіргі ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің оққағары болғанын хабарлаған. Шыңғыс Қожошевтің өзі бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ.