Грузия президенті Зурабишвили ел үкіметіне талап қойды
Оппозиция биыл күзде өткен парламент сайлауының ресми қорытындысына және Грузия үкіметінің Еуроинтеграцияға деген саясатына қарсылық білдіріп келеді. Мұны қолдаған Зурабишвили наразылықтар "жаңа кезеңге" өтіп жатыр, елдегі саяси дағдарыс тек жаңа сайлау өткізгенде шешілуі мүмкін деді.
Тбилисиде көптің алдында сөйлеген президент билікте отырған "Грузин арманы" партиясының бейресми басшысы миллиардер Бидзина Иванишвили мен оның партиясының басқа да басшыларын жаңа сайлау күнін белгілеу жөнінде келіссөз жүргізуге шақырды.
Зурабишвилидің өкілеті бір аптадан кейін, 29 желтоқсанда аяқталады. Бұған дейін сайлаушылар алқасы биліктегі "Грузин арманы" партиясы ұсынған бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді сайлаған. Оппозиция сайлаушылар алқасының жиынына бойкот жариялаған еді. Кавелашвили 29 желтоқсанда қызметіне кірісуі керек. Алайда Зурабишвили президент сайлауына дауыс беру заңсыз өткен деп, қазіргі қызметінен кетпейтінін айтқан.
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе 22 желтоқсанда Зурабишвили өкілетін асырып, жаңа сайлау өткізуді жарияласа, сондай-ақ президент сарайынан кетуден бас тартса, заңда қарастырылған жолмен қылмыстық қудалау болады деп сес көрсетті. Оның айтуынша, 72 жастағы президентті ешкім түрмеге жапқысы келмейді, сондықтан Зурабишвилидің "ақылы жетеді" деп үміттенеді. Зурабишвили түрмеге түсуден қорықпаймын деді. Бірақ ол үкімет жаңа сайлау күнін белгілемесе не істейтінін айтқан жоқ.
Бұған дейін "Грузин арманы" партиясының басшылары сайлауды қайта өткізбейтінін мәлімдеген. Олар сайлау заңды түрде болды деп есептейді. 26 қазанда өткен парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, "Грузин арманы" партиясы 54 пайызға жуық қолдауға ие болып, жеңіске жеткен деп жарияланған.
Грузияда Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді тоқтата тұру жайлы шешімге қарсы наразылық 20 күннен бері жалғасып жатыр. Алғашқы күндері полиция наразыларды күшпен таратқан, жүздеген адам ұсталып, зардап шекті. Тбилисидегі Руставели даңғылына күн сайын жүздеген я мыңдаған адам шығып жүр.
22 желтоқсанда Грузия президенті Саломе Зурабишвили сөз сөйлегенге дейін полиция дауыс зорайтатын жабдық орнатуға кедергі келтірді. Зурабишвили сөйлеген кезде де техникалық мәселелер туындады.