“Ақша қайда сақталатынын білген“. Өскеменде дүкенді тонау сәті видеоға түсіп қалды
Өскеменде бетперде таққан мас ер адам дүкенді тонаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері облыс орталығында автокөлік бөлшектерін сататын дүкенді тонады деген күдікпен қала тұрғынын ұстады. Оқиға түнгі уақытта болған.
"Күдікті медицина маскасымен бетін жасырып ғимараттың бірінші қабатындағы есіктің шынысын сындырып, ішке кірген. Ол жерден ер адам тиын салынған контейнерлер мен әртүрлі ақша купюраларын ұрлап кеткен. Күдіктінің айтуынша, ол ақшаның қайда сақталатынын алдын ала білген, себебі бұған дейін дүкенге бірнеше рет кулерге су жеткізген. Қолда бар мәліметтер бойынша ұрланған ақшаның сомасы шамамен 600 мың теңге болады", - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері ұрланған ақшаның бір бөлігін өндіріп алды. Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктіге мүлкін тәркілей отырып, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!