Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова "шетел агенті" туралы заң дайындауды ұсынды
Ирина Смирнова Қазақстан ұлттық мүддесін USAID (АҚШ-тың даму агенттігі) сияқты шетелдік ұйымдар қызметінен қорғауы қажет деп санайды.
"Қазақстанға бұл тәжірибені қолдап, ел азаматтары ақпаратты бағалап, салыстыра алуы үшін оның дереккөзін білетіндей кез келген құрылымды нақты белгілейтін ұлттық заңнама дайындау қажет екеніне сенімдімін. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік белгілеу қажет. Мұндай амал ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, салауатты азаматтық қоғамды қудалауға және оның дамуын бәсеңдетуге апармайды", – деді Смирнова.
Депутат сөзінде Азаттық радиосын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, Азаттық сайтында "жаңа мектептер, жолдар салынғаны туралы, жүргізілген реформалар, қазақстандықтардың жеңістері туралы" "бірде-бір материал жоқ".
Смирнова "шетел агенті туралы" заң Израильде, Қытайда, Австралияда, Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та бар деді.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда шетелден қаржыланатын 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар, оның 70 пайызы АҚШ-тан алады. Үкіметтің ресми дерегінше, Қазақстанда 165 түрлі донордан грант беріледі, олардың ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік ұйымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар.
Смирнованың сөзінше, қолдауды көбіне бұқаралық ақпарат құралдары мен сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либерал реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру саласындағы жобалар алады. "Мамандардың өзі деструктивті күшке түспеуге бізге ыңғайлы ресурстар қайда екенін және қай жерде абай болу керек екенін біле алмайды" деді ол.
Депутат Смирнова "Қазақстан азаматтары біреулердің ойынында тұтқын болғысы келмейді" деді.