Бас прокуратура Арғын Нығматуллинге халықаралық іздеу жарияланғанын растады
"Халықаралық іздеу әрдайым Интерпол арқылы жүргізіледі. Құқық қорғау органдарымыз мұны өз бетімен жасай алмайды. Интерпол арқылы қызыл бюллетень шығарылады, содан кейін Интерпол белгілеп, есеп береді" деді Әсет Шыңдалиев.
Үш күн бұрын Арғын Нығматуллинге іздеу жарияланғаны хабарланған. Іздеу ісі Астанада тіркелген.
69 жастағы Арғын Нығматуллин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматуллин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Арғын – ағайынды Нығматуллиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.
Нұрланның сыңары Ерлан Нығматуллин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Нығматуллиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматуллиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматуллин Азаттық тілшісіне "қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма" деп жауап берген еді.
Арғын Нығматуллин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.