Дәрігерлер қазақстандық әйелдің ағзасынан үлкен тас алды
Медициналық мекеменің баспасөз қызметі мәліметінше, жедел медициналық көмек көрсететін көпсалалы қалалық ауруханаға іші қатты ауырған 58 жастағы әйел түскен.
"Науқас қатты ауырсынудан бөлек, жүрек айну, ауызда ащы дәм сезу және жалпы әлсіздікке шағымданды. Бұл белгілер майлы және қуырылған тағам жегеннен кейін пайда болып, тәулік бойы басылмаған. Тексеру барысында дәрігерлер оған өт ауруы диагнозын қойып, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады", – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Операцияны хирургтер Алексей Дрюпин мен Жамшид Умурзаков, сондай-ақ анестезиолог Альбина Абышева сәтті жүргізді. Шамамен бір жарым сағатқа созылған ота барысында науқастың өт қабынан бірнеше тас алынған, олардың ішінде ең ірісі тауық жұмыртқасындай болады.
"Қауіпті асқынулардың алды алынды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсарып келеді", – деп мәлімдеді медицина қызметкерлері.
Дәрігерлер өт қабындағы тастар ұзақ уақыт ешқандай белгі бермеуі мүмкін екенін, алайда кез келген сәтте өткір холециститке (өт қабының қабынуы), өт жолдарының бітелуіне, сарғаюға, холангитке, панкреатитке немесе тіпті өт қабының тесілуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.
Медицина мамандары егер адамның оң жақ қабырғасының астында ауырсыну, ауызда ащы дәм сезіну, жүрек айну секілді белгілері болса, уақыт оздырмай дәрігерге қаралу керектігін ескертті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!