“Қызғаныштан соққыға жыққан“: Жаңаөзенде лицей оқушылары тергеуге алынды
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті қатарластарын соққыға жыққан "Білім-инновация" лицейінің оқушылары анықталып, ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілгенін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полиция мәліметінше, соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар құқық бұзушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі қаралатыны айтылды.
"Сонымен қатар әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына материалдар дайындалып жатыр. Барлық кінәлілер профилактикалық есепке алынады", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске салайық, 16 сәуірде "Білім-инновация" лицейінің оқушылары 11-сыныпта оқитын оқушыны үйінің жанында соққыға жыққан. Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл әрекетке себеп – қызғаныш. Себебі зардап шеккен жасөспірім жақында грантпен шетелдік университетке түскен. Сондай-ақ шабуылды бастаған оқушы лицей президенті екені айтылған.
Ұлына көмекке келген әкесі де жасөспірімдер тобына қарсы тұра алмай, аяғынан жарақат алған. Ол да ұлымен бірге ауруханаға жеткізілді.
Жасөспірімге жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, көптеген көгеру диагнозы қойылған. Оның әкесінің сол аяғында жабық майдаланған сынық пен сүйек сынықтарының ығысуы тіркелген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!