Ұлы Өзбекстанда, әйелі Қазақстанда, өзі Қырғызстанда. Қарақалпақ азаматы отбасымен табыса алмай жүр
Өзбекстаннан шыққан қарақалпақ азаматы Ақылбек Нарбаев құқық қорғаушыларға жүгініп, отбасымен табысуға көмектесуді сұрайды. Қазір отбасы мүшелері Орталық Азияның әртүрлі елінде жүр. Осы күні Бішкекте тұратын Нарбаев отанына орала алмайтынын айтады: ол жақта қарақалпақ қозғалысын қолдады деп түрмеге жабуы мүмкін. Әйелі Қазақстанды қалып қойған. Былтыр Қазақстан билігі Нарбаевты миграция заңын бұзды деп елден кетірген. Нарбаевтың алты жасар ұлы Өзбекстанда қалған: оны туыстары бағып отыр.
40 жастағы Ақылбек Нарбаев Өзбекстанның Навои облысынан шыққан. 2022 жылы Қарақалпақстандағы жаппай наразылықтан кейін және сол наразылықтан соң қарақалпақ ұлттық қозғалысына мүше белсенділердің үстінен төрт қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Нарбаев әйелімен бірге елден кетіп қалған.
Ақылбек Нарбаев әйелімен бірге әуелі Алматыға тұрақтаған. Бірақ былтыр қыркүйекте Қазақстан құзырлы органдары оны ұстап алып, миграция ережесін бұзғаны үшін елден кетірген.
"2024 жылғы 10 тамызда Алатау аудандық полиция басқармасының миграция бөлімі құжат тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының азаматы А.Б. Нарбаевты анықтаған. Ол Қазақстан аумағына 2022 жылғы 12 қыркүйекте келген. Ол миграция картасында көрсетілген мерзім аяқталған соң Қазақстан аумағынан шығып кетпей миграция заңнамасын бұзды" деп жазылған Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімінде. "Сот кезінде Нарбаев өз кінәсін толық мойындап, Қазақстан аумағынан уақтылы кетпеген".
Ақылбектің әйелі Қазақстанда қалып, өзі көрші тұрған Қырғызстанға кетуге мәжбүр болған. Ол Қазақстан билігі бекерден бекер кетірмегеніне, өзбек билігі қарақалпақ белсендісі жөнінде өтініш білдіргеніне сенімді. Бұған дейін Қазақстан билігі жаппай наразылықтан соң Өзбекстаннан қашқан өзге қарақалпақтарға да осыған ұқсас шара қолданған.
Қарақалпақ азаматы өз еліне орала алмайтынын айтады: ата-анасының үйіне өзбек арнайы қызметі мен прокуратурасының өкілдері қайта-қайта келіп, ұлының қайда екенін сұрап тұрады.
"Олар мені бірден жабады. Ол жақта 159- және 244-бапты қолданады. Бұл конституциялық тәртіпке қарсы әрекет пен терроризм" дейді ол. "Бір нәрсе ойлап табады. Мен көрген көп адам осылай қамауда отыр: олар ештеңе айтпаған, бар болғаны мешітке кіргені үшін 15 жыл берген. Әлі отыр. Мен мұны өз көзіммен көрдім, сол себепті Өзбекстанға оралғым келмейді".
Нарбаевтың айтуынша, өзбек билігі қарақалпақ ұлттық қозғалысын жаншумен қатар қарақалпақ ұлтын мәжбүр ассимиляцияға итермелеп отыр.
"Бізде міне, қалай айтсам екен, ассимиляция. Біз, Өзбекстан қарақалпақтары, жойылып кеткіміз келмейді, бізге құрметпен қарағанын қалаймыз" деді ол. "Менің 7-10 ұрпаққа дейінгі ата-бабаларым бар, олардың қазір ары кетсе тоғыз адам қалды".
Ақылбек елден кеткелі ұлын көрмегенін айтады: 6 жасар бала қазір Өзбекстанда ата-әжесінің қолында. Қарақалпақ азаматы құқық қорғаушы ұйымдардан отбасымен табысуға көмектесуді сұрайды.
Қазақстандық құқық қорғаушы, "Халықаралық құқықтық бастаманың" жетекшісі Айна Шорманбаеваның сөзінше, Нарбаев отбасымен табысу үшін ең әуелі қауіпсіздеу елден босқын мәртебесін сұрауы керек.
"Отбасы құқықтарын қорғайтын халықаралық нормалар (Экономикалық, мәдени және әлеуметтік құқықтар туралы халықаралық пакт. Оған Қазақстан да, Өзбекстан да, Қырғызстан да қол қойған) бойынша, отбасын бөлуге болмайды" дейді Айна Шорманбаева. "Бұл әрине осы азамат пен оның отбасы үшін ауыр жағдай екен. Ол босқын мәртебесін сұрауы қажет. Сонда ол сол босқын мәртебесін сұраған елде заңды түрде жүре алады. Егер оның отбасына сол елге баруға тыйым салынбаса, онда олар бас қоса алады".
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қарақалпақстан астанасы Нүкістегі наразылықтан соң, Өзбекстан билігі осы аймақ тұрғындарымен бірге шетелде тұратын қарақалпақтарды да қудалап, оларға түрі айып тағып отыр. Қазақстанда Өзбекстанның сұрауымен бірнеше қарақалпақ белсендісі ұсталып, қамауға алынған.