ШҚО әкімі өңірдегі шенеуніктердің ұсталуына қатысты пікір білдірді
Бұған дейін ҰҚК-нің баспасөз қызметі ШҚО бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мен білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қамауға алынғанын хабарлаған еді. Олар пара алды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.
"Ашығын айтайын: Шнайдеров көпірі құлағаннан кейін (2025 жылғы 1 қыркүйек - ред.) мен құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен арнайы кеңес өткіздім. Құқық қорғау органдарына тиісті тапсырма бердім, автомобиль жолдары мен көлік саласында жан-жақты тексеру жүргізуді, соның ішінде сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырдым. Тексеру барысында қосымша жедел іс-шаралар аясында басқарма басшысы ұсталды. Ол бірден қызметінен босатылды. Қазір тексеру шаралары жүріп жатыр, сот өз шешімін дер кезінде шығарады", - деді Сақтағанов.
Әкім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың алдына қойған басты міндеттердің бірі - сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидаты екенін еске салды.
"Бұл - біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан жеке қалтасының қамын мемлекеттің мүддесімен шатастыратындармен сөзіміз қысқа, жолымыз бөлек", - деп өңір басшысы сөзін түйіндеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
