Енді есірткі мен ішімдікке мас күйде рөлге отыратын мемқызметшілер жұмыстан шығарылады
Қазақстанда есірткі тұтыну мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығаруға негіз болады. Мұндай норма бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған мемлекеттік қызмет туралы заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімовтің айтуынша, құжатқа сәйкес тәртіптік жаза қолдану мерзімі теріс қылық анықталған кезден бастап үш айға дейін, жасалған сәттен бастап бір жылға дейін ұзартылады. Қолданыстағы заңнама бойынша бұл мерзімдер екі есе аз (тиісінше бір айдан алты айға дейін). Сондай-ақ заң жобасында жеңілдететін мән-жайлар болып, ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге жаңа жаза қолданылмауы мүмкін екендігі қарастырылған.
"Мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару негіздерінің бірі есірткі заттарын тұтыну немесе көлік құралын мас күйінде басқару болады. Бұлар мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жатқызылады. Мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтірген қызметшіні кез келген уақытта еңбек немесе оқу демалысынан кері шақыртып, оның тәртіптік жауапкершілігі мәселесін шешу мүмкіндігі пайда болады", - деді Бәшімов.
Депутаттың сөзінше, бұл шаралардың барлығы мемлекеттік қызметтегі тәртіпті нығайтуға, тәртіптік жауапкершілік жүйесіне деген сенімді арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді өз міндеттерін жауапты әрі сапалы орындауға ынталандыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, мемлекеттік қызмет туралы заң жобасында шенеуніктердің "мінсіз беделге" ие болу міндеті жазылған.
