БАД-тармен емделген: Алматыда зейнеткерден 25 келіге жуық ісік алынды
Алматыда 68 жастағы тұрғынының құрсақ қуысын түгел жайлап кеткен салмағы 25 келіге жуық алып қатерлі ісік алып тасталды. Әйел соңғы сәтке дейін БАД-тармен (биологиялық белсенді қоспалар) емделуге тырысып, денсаулығы күрт нашарлағанда ғана көмекке жүгінген, - деп хабарлайды TengriHealth.
Не болған?
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбеген, ол емдеудің дәстүрлі емес әдістерін жөн көрген.
Пациенттің айтуынша, ол шамамен алты аптадан екі айға дейін ауырған. Осы уақыт ішінде ол жақсаруға үміттеніп, әртүрлі тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды қабылдаған. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған - ісік тез өсе берген.
Кейінірек туыстарының айтуынша, әйел өз жағдайын жасырып, тіпті қоспаларды сатып алу үшін несие алған.
Шұғыл операция
Ол жағдайы нашарлағаннан кейін ғана дәрігерге көрінуді ұйғарған. Алматы онкологиялық орталығында оған тексеру жүргізіліп, компьютерлік томография нәтижесінде құрсақ қуысы мен кіші жамбас аймағынан ірі түзілім анықталды.
"Ісіктің көлемі жүктіліктің соңғы кезеңіне (55-те 35 сантиметр) жеткен және іс жүзінде бүкіл құрсақ қуысын толтырып, кіші жамбасқа дейін таралған. Дәрігерлер қажетті операция алдындағы дайындықтан кейін шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдады", — делінген хабарламада.
Операция 2,5 сағатқа созылды. Дәрігерлер ісікті алып тастау бойынша күрделі құрама отаны және ішперде артындағы кеңістікте қажетті ілеспе процедураларды жасады.
"Гистологиялық зерттеу нәтижесінде некроз аймақтары бар дифференциалданған ретроперитонеальды липосаркома диагнозы қойылды, бұл қатерлі ісікті растады", — деді дәрігерлер.
Қазіргі уақытта пациент химиятерапия курсынан өтіп жатыр және мамандардың бақылауында.
