ІІМ Нұрайды өлтіру ісі бойынша сараптама нәтижесін жариялады
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу барысына пікір білдірді. Полиция өкілі тергеу амалдары аяқталуға жақын екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ІІМ басшысының орынбасары іс бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргізілгенін нақтылады.
"Тергеушінің тағайындауы бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргізілді, қазір нәтижесі алынды. Ол заң алдында ақыл-есі дұрыс адам ретінде жауап береді", - деді Әділов.
ІІМ-де барлық қажетті процедура аяқталғаннан кейін іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатынын қосып өтті.
Күдікті психиатриялық ауруханаға жатқызылды
Бұған дейін 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісінің мән-жайы белгілі болды. Жәбірленуші тараптың ақпараты бойынша, күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылды.
Отбасы адвокатының хабарлауынша, 28 жастағы ер адамға қатысты бірқатар сараптама тағайындалып, ол мамандардың бақылауымен қарқынды ем қабылдап жатыр. Оның ақыл-есі дұрыстығы туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Сонымен қатар марқұмның туыстары күдікті психикалық ауытқуды сылтау етіп, қылмыстық жауапкершіліктен қашуға тырысуы мүмкін деп қауіптенеді.
"Оны есі дұрыс емес деп танып, нақты жазадан құтылып кете ме деп қорқамыз", - деді Нұрайдың ағасы.
Бүгінде не белгілі?
Күдікті Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айыпталып отыр:
99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы бойынша – "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
125-1-бап бойынша – "Некеге тұруға мәжбүрлеу";
115-1-бап бойынша – "Сталкинг"".
Істің мән-жайы
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болды. Желіде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында ер адамның қызды аңдып келе жатқаны, оның қашуға тырысып, қарсылық көрсеткені көрінеді. Осыдан кейін күдікті оны пышақтап, оқиға орнынан бой тасалаған. 13 қаңтарда полиция өңірдің 28 жастағы тұрғынын ұстады.
Кейін шабуылдың кенеттен болмағаны белгілі болды. Туыстарының айтуынша, бұған дейін бірнеше ай бойы аңду және алып қашу эпизоды болған. Отбасы мүшелері полициядан көмек сұрап бірнеше рет жүгінгендерін, бірақ арыздары қабылданбағанын айтты.
Жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ол полицияның іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбековтің қызметінен босатылғаны, ал некеге мәжбүрлеу туралы істі тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады, оны Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады деген болжам бар. Жазбада Нұрай Серікбай өзін некеге тұру мақсатында ешкім ұрламағанын және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Роликте Нұрайдың ер адамға ешқандай шағымы жоқ екені туралы сөздері де естіледі.
Кейбір БАҚ-қа берген сұхбатында бұрынғы полицейлер жұмыстан шығарылуын әділетсіз деп атады.
Отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов тергеу құпиясын бұзғаны үшін жәбірленуші тарап ресми шағым түсіргенін айтты.
