Добавить новость
ru24.net
World News
Май
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

“Мәңгілік достық“ қандай: Ердоғанның Астанаға сапары туралы репортаж

0

Астанаға мемлекеттік сапармен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған келді. Оның сөзінше, "Атажұртта" оны "ешқашан ұмытпайтындай" деңгейде күтіп алған. Түркия көшбасшысын қалай қарсы алғанын Tengrinews.kz тілшісі бақылап қайтты.
Ақ-қызыл аспан
Астана аспанында жойғыш ұшақтар ұшып өтіп, артында түрік туының түстері - ақ пен қызыл із қалдырды. Тоқаев пен Ердоған аспанға қарап, қатар тұрды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев
Содан соң олар залға беттеді. Тоқаев қонақты қолтықтап жүрді. Бірақ бұл Ақорда емес - Тәуелсіздік сарайы болатын.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Дегенмен сарай бұл айтулы оқиғаға әбден лайық. Барлық жерде түркілік ою-өрнектер мен ортақ тарихтан сыр шертетін белгілер бар.

Тіпті есіктің тұтқалары да шаңырақ түрінде жасалған.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Дөңгелекті дипломатия
Түркі әлемінің қос ірі орталығының басшылары биыл осымен екінші рет жүздесіп отыр. Олар осыдан бір ай бұрын Анталияда кездескен болатын. Ол жерде де екі президент арасындағы қарым-қатынастың ерекше екені байқалған еді.Әнұран айтылып, суретке түсу және делегациялармен таныстыру рәсімінен кейін президенттер жабық келіссөзге кетті. Дәлірек айтқанда - шағын құрамдағы кездесуге. Есіктер баяу жабылып жатты. Ең соңынан залға дөңгелекті шабадан мен сөмке кіргізілді.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Ақорда таратқан ақпаратта Тоқаев Ердоғанды "қадірлі бауырым" деп атап, Қазақстан мен Түркия арасында "ешқандай қайшылық пен келіспеушілік жоқ" екенін мәлімдегені хабарланды.
Ердоған өз кезегінде "атажұртқа" шақырғаны үшін және ұшақтар үшін алғыс айтты.

"Қазақстанның әуе кеңістігіне кірген сәттен бастап бізді ұшақтар бастап жүрді. Біз мұны ұмытпаймыз", - деді ол. 

Келіссөздер 29 минутқа созылды. Көрші залда келесі кездесуге дайындық жүріп жатыр. Үстелдерде түркі нақышындағы ыдыстар, кішігірім тәрелкелерде шығыс тәттілері қойылған.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Ердоғанның орындығының алдында өз бөтелкесіндегі суы тұр. Басқалардікіндей емес. Ашхабадта да солай болған еді.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Осында Қорғаныс министрі де жүр. Көк түсті форма киген ол, кездесу басталуына бірнеше минут қалғанда орындық арқалығының тұсында тік тұр. Түріктермен күн тәртібінде не бар екенін сұрадым.
"Негізінен әскери-техникалық ынтымақтастық. Дайындық, арнайы операциялық күштер, ұшқышсыз авиация, бірлескен жаттығулар", - деді Дәурен Қосанов.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Ең назар аударарлығы - арнайы жасақ туралы. Қазақстан түрік күш құрылымдарының тәжірибесін үйреніп жатыр. "Олардың жауынгерлік тәжірибесі бар. Сирия, терроризммен күрес". Жыл сайын жүзге жуық курсант пен офицер Түркияның әскери оқу орындарында білім алады.
Алтын көпір және "мәңгілік" құжат
Есіктер ашылды. Залға Тоқаев пен Ердоған кірді. "Астанаға қош келдіңіз", - деді Тоқаев. Түрік делегациясының құлаққаптарынан оның жаңғырығындай болып естіліп жатты: "Astana'ya hoş geldiniz".
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев
Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің осымен алтыншы отырысы басталды. Тоқаев бірінші болып сөз алды.
Цифрларға тоқталсақ: Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы - 6 миллиард доллар, Қазақстанның Түркияға салғаны - шамамен 2,5 миллиард доллар. Түркия - үздік бес сауда серіктесінің бірі.
Тоқаев Ердоғанды "салмақты әрі көреген саясаттың" авторы деп атады.
Негізгі құжат - Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация. Мемлекетаралық құжаттың атауында "мәңгілік" сөзінің болуы - сирек кездесетін жайт.
Тоқаев мынадай деректерді келтірді: бір жыл ішінде тауар айналымы 9 пайызға өсіп, 5,4 миллиардқа жетті. Ал ауыл шаруашылығында өсім 25 пайызды құрап, 360 миллионға жеткен. Қазақстан Түркияға тауардың 34 түрі бойынша тағы 630 миллион долларға өнім жіберуге дайын. Түрік делегациясы бұл мәліметтерді түртіп алып жатыр.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Тоқаев Түркияны Еуропа мен Азия арасындағы "алтын көпір" деп атады. Ал мұқият қарасақ, Қазақстан - сол көпір алып баратын негізгі бағыт.2023 жылғы жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантепте Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп салды. Ердоған басын көтеріп, зейін қоя тыңдады.
Түркия Астана мен Алматыда өзінің "Маариф" қорының мектептерін ашады, ал Шымкентте түрік университетінің филиалы пайда болады.
Келесі кезекте Түркия президенті сөз сөйледі. Ол Қазақстандағы конституциялық реформаларға ерекше тоқталды: Ердоған референдумда қолдау тапқан жаңа Конституция "Қазақстанның бірлігін одан әрі нығайтуды қамтамасыз ететініне" сенімді. Сондай-ақ ол алдағы ауқымды міндетті атап өтті: тауар айналымын 15 миллиардқа жеткізу. Қазір бұл көрсеткіш 5,4 миллиард доллар.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Делегациялар егжей-тегжейлі талқылауды бөлек жалғастырды.Қарлыққан дауыс және ең тиімді турист
Көрші залдың дәл ортасында Ғылым министрі Саясат Нұрбек тұрды. Дауысы қарлығып шығады, арасында жөтеліп қояды.
- Түріктер бізден не нәрсеге қызығушылық танытып жатыр?
- Алмасу ауқымы үлкен. Қазір Түркияда 14 мыңға жуық қазақстандық білім алып жатыр. Өте танымал бағыт.
Министрдің түсіндіруінше, Түркия жоғары білім экспортына басымдық берген. Енді ол жақтағы шетелдік студенттердің арасында қазақстандықтар көп.
- Ал 14 мың деген көрсеткіш үздік бестікке кіре ме?
- Ресей мен Британиядан кейін үздік бестіктеміз.
- Ал Британияда қанша?
- Онда да 15 мыңға жуық. Біздегі ең көп көрсеткіш - Ресейде. Шырқау шегінде 80 мың болса, қазір 56 мыңның айналасында. Қытайда - 13 мыңдай.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Министр бұл сандарды жатқа білетіні көрініп тұр, қағазға қараған жоқ. Қазақстандағы түрік студенттерінің саны 300-дей екенін де айта кетті. "Біз де біртіндеп жинай бастадық".
Сол күні Шымкентте Түркияның көне педагогикалық университеті - Гази филиалы ашылды. Сонымен қатар арнайы шәкіртақы бағдарламасы қолға алынды: жыл сайын түріктің озық жоғары оқу орындарына 40-50 толық грант бөлінеді. Түрік студенттері де бұған жауап ретінде Қазақстанның оқу орындарында білім ала алады.
Түркияның министр үшін жеке өзіне несімен қызықты екенін сұрадым.
- Тарихымен. Ұлы өркениет. Осман империясы ресми түрде 622 жыл бойы өмір сүрді. Бұл - орасан зор өнеркәсіптік әлеует. Түркия - бәсекеге қабілетті ел. Әсіресе, ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында үлкен серпіліс жасады. Қазір түрік компаниялары жаһандық ҰҰА нарығының едәуір бөлігін бақылап отыр. Таңғаларлық жағдай, - деп жауап берді Саясат Нұрбек.
- Бұл сізді жеке қызықтыра ма, әлде көбіне жұмысқа байланысты ма?
- Маған олардың технологиялар трансферін дұрыс жүзеге асыра алғаны қызық. Барлығы университеттер негізінде басталды. Соның нәтижесінде өз салаларын дамытты. Қазір жойғыш ұшақтарға ауысып жатыр. Тек ҰҰА ғана емес, үлкен авиация да бар. Бұл - өте сәтті мысал.
Осы аралықта екі тараптың қызметкерлері құжаттар топтамасын дайындап жатқанын байқап қалдым - екі делегация дәл осы құжаттармен алмасты.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан ҚұлшмановҚұжаттарды шабадандармен тасып жүр. Келіссөз залына ең соңынан кірген әлгі шабадандар сияқты.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
- Академиялық туризм деген ұғым бар. Бұл - ең тиімді туризм түрі, - деп жалғастырды Саясат Нұрбек.
Министр қарапайым тілмен түсіндірді. Оқиғалық турист концертке келеді, ақшасын қалдырады, кетеді. Маусымдық турист те солай, тек маусым бойы жүреді. Ал академиялық турист төрт жыл бойы тұрады.Ұлыбритания пандемияға дейін 758 мың шетелдік студент қабылдап, бұдан жылына 42-43 миллиард фунт табыс тапқан. Қазақстан бір жылда 35 мың шетелдік студент әкеліп, 22 миллиард теңге табыс көрді.
Түсініктірек болу үшін: еліміздің ірі университетінде қазір жеті мың шетелдік студент бар. Нұрбектің айтуынша, тек солардың оқу ақысы бүкіл университетті төрт-бес ай бойы ұстап тұруға жетеді. Қазақстанның 2029 жылға арналған жоспары бар: 100 мың студент және жылына бір триллион теңге.
Министрдің дауысы мүлдем қарлығып қалды. Әңгіме басталғанда-ақ байқалған еді, енді тіпті айқын сезілді.
- Сырқаттанып қалдыңыз ба?
- О, мен аяғымнан тік тұрып жүріп емделемін, бәрі жұмыс үстінде.
- Тамағыңызды емдеуге уақыт жетпей ме?- Қайдан... Бір амалын тауып емделу керек, келесі аптада үлкен іс-шара бар.001-ші иегерҮлкен залда құрметті қарауылдың жанындағы барқыт тұғырда жаңа "Qoja Ahmet Yasaui" ордені жарқырап тұрды. Ол алғаш рет берілді. Ердоған оның алғашқы иегері болды. Артқы жағында 001 саны таңбаланған.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Тоқаев орденді тұғырдан алып, Ердоғанның жағасына өзі тақты.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев
Орден XII ғасырдағы сопы, ықпалы Ұлы даладан Анатолияға дейін жеткен Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне аталған: Түркияның басты мистик ақыны Юнус Эмре оның жолын қуушы болып саналады. Қазақта ол - Абай.
Бір тәуліктен кейін 001 орденін таққан Ердоған Түркістандағы Ясауи кесенесіне барады.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Шабадандар бәріне жетті
Бірнеше минуттан соң Саясат Нұрбек түрік әріптесімен құжат алмасып үлгерді. Бақытқа орай, сөйлеудің қажеті болмады.
Сол күні көптеген құжатқа қол қойылды. Шабадандар бәріне жетті. Инвестицияларды қорғау туралы келісім. Түркияның "Маариф" қорының Қазақстандағы екі мектебі туралы меморандум. "Абай - Мехмет Акиф" бірлескен бағдарламасы. "АНКА" ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын бірлескен кәсіпорын туралы келісім.
Фото: Tengrinews.kz/Айсұлтан Құлшманов
Ең бастысы - Мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация. Оған Тоқаев пен Ердоғанның өздері қол қойды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі/Аман Дүйсенбаев
Кейінірек, Қазақстан-Түркия бизнес-форумында Ердоған мінбеге шықты."2025 жылы Қазақстан түркі әлеміндегі біздің ең ірі сауда-экономикалық серіктесімізге айналды", - деді ол.
Сондай-ақ ол Түркияда "Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген экономикалық табыстарын зор қызығушылықпен бақылап отырғанын" атап өтеді.001-ші орден Ердоғанмен бірге Түркістанға, Тоқаев өткізетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне барады.
Авторы: Айсултан Кульшманов
Дайындаған: Нұрила Ермекбаева




Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса