Флоридадағы әуежай Дональд Трамптың құрметіне қайта аталады
Флорида штатындағы Палм-Бич халықаралық әуежайы 9 шілдеден бастап АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың құрметіне қайта аталады. Бұл туралы АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көлік министрі Шон Даффи бұған дейін әуежайдың үш әріптен тұратын PBI коды Трамптың инициалдарына сәйкес DJT болып өзгертілетінін мәлімдеген болатын.
Флоридада Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясы орналасқан, онда ол әлемдік көшбасшылармен де кездесулер өткізеді.
Бұл - АҚШ-тың қазіргі президентінің құрметіне жасалған бірқатар атау өзгертулердің соңғысы.
Бұған дейін Мемлекеттік департамент АҚШ-тың Бейбітшілік институтына Трамптың есімін берген болатын, ал Вашингтондағы Джон Ф. Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер мемориалдық орталығы "Дональд Дж. Трамп және Джон Ф. Кеннеди атындағы орындаушылық өнер мемориалдық орталығы" деген жаңа атауға ие болған. Ақ үй басшысы сондай-ақ АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері үшін "Трамп" класындағы екі жаңа әскери кеменің құрылысы басталатынын жариялады.
Жақында АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай Трамптың портреті мен алтын әріптермен басылған қолтаңбасы бар төлқұжаттар сериясы шығарылатыны хабарланды. Қазіргі президенттің қолтаңбасы жүз долларлық банкноттарда да пайда болады. Сонымен қатар Бейнелеу өнері комиссиясы тәуелсіздік мерейтойына орай Трамптың бейнесі мен "Бостандық" (Liberty) деген жазуы бар 24 караттық алтын тиынның шығарылуын мақұлдады.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың Флорида штатының губернаторы Рон Десантис жарлыққа қол қойып, 2026 жылдың наурызында Палм-Бич халықаралық әуежайына Дональд Трамптың есімін беруді ұсынған болатын, бұл үшін тек АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасының мақұлдауы қажет еді.
