Добавить новость
ru24.net
World News
Май
2026
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31

Қаңғыбас жануарлар, құтыру және ізгілік. Қазақстан басқа елдерден нені үйренсе болады?

0

Қазақстанда "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға енгізілетін резонанстық түзетулерді қабылдау жоспарланып отыр.
Авторлар Аулау – Ұрықсыздандыру – Вакциналау – Қайтару (АҰВҚ) бағдарламасынан толық бас тартып, эвтаназияны қаңғыбас жануарлармен күресудің жалғыз шарасы ретінде қалдыруды ұсынды. Депутаттардың пайымдауынша, АҰВҚ бағдарламасы мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсалғанына қарамастан тиімділігін көрсетпеген, ал жаппай жою қауіпті жануарлар санын азайтуға көмектеседі.
Зооқорғаушылар болса, керісінше, АҰВҚ бағдарламасы шын мәнінде ешқашан толыққанды жүргізілмегенін, сондықтан нәтиже көрсетуі мүмкін емес екенін, сонымен қатар оның орындалуы тиісті деңгейде бақыланбағанын айтады. Бұл бюджет шығындарына қатысты үлкен күмән тудырып отыр.
Tengrinews.kz редакциясы Қазақстанда АҰВҚ бағдарламасы қалай өткенін, қанша ақша жұмсалып, қанша жануардың көзі жойылғанын және басқа елдердің тәжірибесі негізінде қаңғыбас ит-мысықтармен күресудің ең тиімді әдістері қандай екенін анықтап көрді.
Қаншасы вакциналанып, қаншасы жойылды?
Алдымен, қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұрсықсыздандыру, вакциналау және табиғи ортасына қайтару бағдарламасы Қазақстанда салыстырмалы түрде жақында пайда болғанын айта кетейік. Бұл норма 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңда бекітілген.
Осылайша, заңнамалық деңгейде АҰВҚ бағдарламасы бекітіліп, оған мемлекеттік қаржы бөліне бастады. Алайда зооқорғаушылар қауымдастығы басынан-ақ бұл заңның нақты емес, үстірт екенін айтқан болатын: қаңғыбас жануарлар санын реттеу шарасы ретінде эвтаназия заңнан алынып тасталған жоқ, соның салдарынан жануарларды өлтіру АҰВҚ-мен қатар жүзеге асырыла берді.
Анықтама: АҰВҚ (аулау – ұрықсыздандыру – вакциналау – қайтару) - бұл қаңғыбас жануарлар санын реттеудің халықаралық деңгейде танылған гуманистік әдістемесі. Оның мәні - ұсталған иттер мен мысықтарды жоймай, оларды ұрықсыздандырып, екпе салып (бірінші кезекте құтыруға қарсы) және бұрынғы мекендеген жеріне қайтару. Мақсаты - популяция тұрақтылығын сақтай отырып, олардың көбеюіне жол бермеу және ауру қаупін азайту.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда жануарларды (негізінен иттерді) қалай өлтірсе, гуманистік бағдарлама қабылданғаннан кейін де бұл үрдіс солай жалғасып келеді. Оның үстіне, бұл өте көп мөлшерде жүзеге асырылған.
Зооқорғаушылар қауымдастығының өкілдері Қазақстанның 18 өңіріндегі әкімдіктердің ресми мәліметтеріне негізделген статистиканы бөлісті:

2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанның 18 өңірінде 436 997-ге жуық жануар ауланып, ұйықтатылды.  
2025 жылы жалпы саны 286 644 жануар ауланған. Олардың арасында иесі бар 375 ит пен 21 мысық болған.
Олардың ішінде 234 165 қаңғыбас ит, 7487 иесіз мысық және иесі бар 19 мысық.

Бұл деректерді олар облыс әкімдіктеріне ресми сұрау салу арқылы жинап, кейін заң жобасы талқыланған кездесуде депутаттарға таныстырған.
Қарапайым есептеулер көрсеткендей, алты жыл ішінде Қазақстанда 678 671 қаңғыбас жануар ауланып, ұйықтатылған. Бұл ретте ауланғандардың шамамен 85 пайызының көзі жойылған.
Ал енді ауланып, ұрықсыздандырылып, вакциналанғаннан кейін табиғи ортасына, яғни көшеге қайтарылған жануарлар санын салыстырып көрейік. Мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар ұсынған:

2019 жылдан 2024 жылға дейін 32 433 жануар АҰВҚ бағдарламасынан өткен. 
2025 жылы 42 400 ит пен мысық вакциналанды. 38 608-і ұрықсыздандырылды. Олардың ішінде 37 333-і қайтадан босатылды..

Қорытынды: 2019-2025 жылдар аралығында АҰВҚ бағдарламасынан небәрі 69 766 жануар өткен - бұл ауланған жануарлар жалпы санының 10 пайызына да жетпейді және өлтірілгендер санынан 10 есеге жуық аз. 
Айта кетейік, бұл толық деректер емес, өйткені статистика Қазақстанның барлық өңірін қамтымайды, ал 2024 жылға арналған сандар тек бірінші жартыжылдықты есепке алады.
Дегенмен, АҰВҚ-дан өткен жануарлар санының ұйықтатылғандармен салыстырғанда тым аз екенін айту үшін осы деректер де жеткілікті. Демек, бағдарлама өте төмен деңгейде жүргізіліп, эвтаназия қаңғыбас жануарлар санын бақылаудың басым әдісі болып қала берген.

"АҰВҚ қабылданғанға дейін жалғыз әдіс аулау болатын, ал көптеген өңірде тіпті аулау да болған жоқ - бірден улы жебелермен көзін жоятын. АҰВҚ бағдарламасы күшіне енген кезде, біз ветеринариялық клиникалардан осы заңның орындалуын талап ете бастадық. Алайда негізгі әдіс әлі де сол аулау болып шықты. Ветеринариялық қызметтердің мәліметі бойынша, ауланған жануарлардың 90 пайызына дейін өлтірілген, АҰВҚ жаппай қолданылмаған", - дейді KARE зооқорғау қорының басшысы Юлия Коваленко.

Бөлек бір мәселе - ақпараттық науқанның мүлдем жүргізілмеуі.
Зооқорғаушы Сабина Омарбекованың айтуынша, АҰВҚ бағдарламасы ресми түрде қабылданғанда, оның бар екенін тек зооқорғаушылардың шағын тобы, панажай иелері мен жануарлар тақырыбына қызығушылық танытатындар білген.

"Қазақстанның қарапайым азаматтары мұндай бағдарламаның қабылданғанынан хабарсыз болды. Ақпараттық науқан жүргізілген жоқ деуге болады, БАҚ-та кейбір ескертулер ғана жарияланып, олар да тез ұмытылды", - дейді Омарбекова.

Бұған қоса, оның айтуынша, 2022 жылы АҰВҚ жүйесі енгізілгенде мемлекет те, ветеринарлық клиникалар да бұған дайын болмаған. Омарбекова өз тәжірибесіне сүйене отырып, жануарлардың мәліметтері енгізілуі тиіс базаның үнемі қатып, жүктелмей қалатынын, ал кейінірек жануар иелері мен зооқорғаушылардың деректері сол жерден алаяқтардың қолына түсіп кеткенін атап өтті.

"Осының салдарынан адамдар жануарларды тіркеуге және біз айтып жүрген қажетті шараларға сенбейді. Бұл АҰВҚ бағдарламасына қомақты қаржы бөліне бастаған кезде болып отырған жайт", - деп атап өтті зооқорғаушы. 

Қайсысы арзан: өлтіру ме әлде ұрықсыздандыру ма?
Аулауға, жоюға немесе ұрықсыздандыруға бөлінетін қаражат - бөлек әрі өте күрделі мәселе.
Мәселен, қаңғыбас жануарлар эвтаназиясын жақтайтын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин, ұрықсыздандыру мен вакциналау мемлекеттік бюджет үшін тым қымбатқа түсетінін алға тартты. Ол 2025 жылы ауланған жануарлар саны туралы деректер негізінде шамаланған есептеулерді келтірді.

"Егер статистикаға сүйенсек, шамамен 270 мың жануар - қолданыстағы жүйе бойынша жалпы шығын 14-15 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Эвтаназияны қолданған жағдайда бұл шығын шамамен жеті есе аз болады", - деді Жаңбыршин.

Бұл есептеулерді ол өз бетінше жасаған. Депутаттың мәліметінше, бір итті ұрықсыздандыру және күтіп-ұстау бюджетке шамамен 74 мың теңге, ал мысық үшін - шамамен 54 мың теңге шығын әкеледі. Ол эвтаназияны қолдаудың негізгі дәлелдерінің бірі ретінде экономикалық факторды атады, өйткені Жаңбыршиннің айтуынша, бұл процедура шамамен 11 мың теңге тұрады.
Жануарларды бақылаудың ізгілікті әдістеріне іс жүзінде қанша ақша жұмсалатынын анықтап, оны аулау мен эвтаназияға кететін шығындармен салыстыруды жөн көрдік. Ол үшін ашық дереккөздерден Қазақстан өңірлерінің 2025 жылғы жылдық бюджеттерін зерттедік, нәтижесінде мынадай көрініс қалыптасты.
2025 жылы облыстарда жануарларды аулау мен жоюға жалпы сомасы 1,05 миллиард теңге бөлінген. Ал ұрықсыздандыру мен вакциналауға - 503,8 миллион теңге. Айырмашылық эвтаназияның пайдасына екі есе көп.
Дегенмен, мұнда қаңғыбас жануарларды күтіп-ұстау және сәйкестендіру шығындары ескерілмеген. Жаңбыршин АҰВҚ бағдарламасының қымбаттығын негіздеу кезінде осы шығындарды алға тартқан болатын. Мұндағы жағдай келесідей. 
2025 жылы өңірлер қаңғыбас жануарларды күтіп-ұстауға 614,1 миллион теңге, ал оларды сәйкестендіруге 147,2 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді. Егер қаңғыбас жануарларды ұрықсыщдандыру, вакциналау, сәйкестендіру және күтіп-ұстау бойынша сандарды қоссақ, бір жылда бұған 1,26 миллиард теңге бөлінген. 
Бұдан депутат Жаңбыршиннің жалпы алғанда пікірі дұрыс деген қорытынды жасауға болады - АҰВҚ әдісі аулау мен эвтаназияға қарағанда қымбатырақ түседі.
Алайда, мұнда бірнеше маңызды ескерту бар.

Біріншіден, біздің есептеуімізше, шығындардағы айырмашылық аса үлкен емес.
Екіншіден, депутат жорамал сандарды келтіреді - яғни ауланған жануарлардың бәрін ұрықсыздандыру қанша тұратынын есептейді - ал іс жүзінде олардың көпшілігінің көзі жойылады.
Үшіншіден, сәйкестендіру және күтіп-ұстау шығындарын тек АҰВҚ-ға жатқызу дұрыс емес: кез келген тәсілде жануар алдымен сәйкестендіріледі, содан кейін ғана оның тағдыры шешіледі - ұрықсыздандыру немесе эвтаназия.

Сонымен қатар, бұл процедуралардың құны елдің өңірлеріне байланысты қатты ерекшеленеді. Мысалы, Алматыда 2025 жылы мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметінше, бір қаңғыбас итті ұрықсыздандыру, вакциналау және отадан кейінгі күтіп-ұстау жергілікті бюджетке 38 905 теңгеге түскен. Ал медикаментозды ұйықтату - 14 883 теңге. 
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Ал Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында итті піштіру бюджетке 3266 теңгеге, ал ұрықсыздандыру - 6900 теңгеге түскен. 
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот 
Осыған сүйене отырып, өңірлер арасында бұл ем-шараларға бөлінетін бюджет көлемінде орасан зор айырмашылық бар деп айтуға болады.

Мәселен, Абай облысында 2025 жылы жануарларды аулау мен жоюға 84 372 000 теңге бөлінсе, ал ұрықсыздандыру, вакциналау, күтіп-ұстау және сәйкестендіруге жалпы алғанда 12 557 000 теңге қарастырылған.
Керісінше мысалдар да бар. Маңғыстау облысында былтыр жануарларды аулау мен жоюға 15,8 миллион теңге жұмсалса, ұрықсыздандыру мен вакциналауға - 54,7 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Оған қоса жануарларды күтіп-ұстау мен сәйкестендіруге тағы 11,7 миллион теңге бөлінген.

Мәселенің тағы бір қайшылықты тұсы бар. Ол АҰВҚ бағдарламасын орындау кезінде қаражаттың іске асырылуын бақылау.
АҰВҚ тексерілмеді ме?
Зооқорғаушы Юлия Коваленконың айтуынша, жоспар бойынша "Аулау - ұрықсыздандыру - вакциналау - қайтару" бағдарламасы қаңғыбас иттердің 70 пайызына дейін қамтуы тиіс еді, алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш шамамен 10 пайызды ғана құрады. Бжұл ретте жыл сайын бөлінген қаржы дәл осы 70 пайыздық межеге жетуге есептелген болатын. Сонда "Ақша неге жұмсалды?" деген заңды сауал туындайды. 

"Ақшаның қалай және қайда жұмсалғанын, бағдарламаның жалпы жүзеге асқан-аспағанын біз де түсіне алмадық, - дейді Коваленко. - Мәжіліс пен Сенат жанындағы жұмыс тобында біз бағдарламаға аудит жүргізуді - қанша қаражат жұмсалды, неге кетті, қанша жануар ұрықсыздандырылды және кейін қаншасы босатылды деген сұрақтардың жауабын талап еттік. Аудит нәтижелері бүгінгі күнге дейін белгісіз". 

Құқық қорғаушылар Қазақстанда АҰВҚ бағдарламасының орындалуын ешкім тиісті деңгейде тексермегеніне сенімді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында  жануарларды ұрықсыздандыру туралы типтік есеп беру үлгісі мынадай: 
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Жеткізушілер тек жалпы сандарды - қанша жануарға екпе егілгенін және ұрықсыздандырылғанын көрсетеді. Ал ветеринария басқармалары, зооқорғаушылардың айтуынша, бұл деректерді іс жүзінде тексермейді: қызметкерлер клиникалар мен панажайларға бармайды, жануарларды қайта санамайды.
Әрбір жануар бойынша сәйкестендіру нөмірлері, фотосуреттері және басқа да деректері тіркелетін бірыңғай есепке алу жүйесі өңірлерде мүлдем жоқ.

"Әрбір ауланған жануар тіркеліп, арнайы ресурсқа енгізілуі тиіс. Бұл нақты қай ауданда қандай ит ауланғанын білу үшін қажет, ал белгілі бір сұратылған кезең өткеннен кейін бұл мәліметтердің барлығы сәйкес келуі керек. Бүгінде іс жүзінде мұндай ресурстар жоқ. Соның салдарынан ауланған жануарлардың санын қосып жазу оңай болып тұр", - деп түсіндіреді Коваленко.

Бұдан бөлек басқа да қызықты жайттар бар. Мысалы, жылдық бюджет туралы мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Астана әкімдігі қаңғыбас жануарларды вакциналауға және ұрықсыздандыруға 88,7 миллион теңге бөлуді жоспарлаған. Бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Алайда жақында қала әкімшілігі АҰВҚ әдісі мүлдем қолданылмағанын айтты. 

"Астанада адамдарға, оның ішінде балаларға зиян келтіру қаупінің жоғары болуына байланысты, сондай-ақ автокөліктердің, мектепке дейінгі және мектептердің көптігіне байланысты АҰВҚ әдісі қолданылмайды". 

Қала билігі жануарларға чип салынып, Tanba базасына енгізілетінін және панажайларға жіберілетінін айтты. Егер осы базаны ашып, "Астана" критерийін енгізіп, "АҰВҚ" тармағын таңдасаңыз жүйе "СтопОтлов" қорының қызметкерлері тіркеген бір ғана аты-жөні жоқ қаңғыбас мысықты көрсетеді.
Tanba.kz сайтынан алынған скриншот
Ал егер іздеу параметрлерін АҰВҚ-сыз көрсетсеңіз, жануарлар тізімі шығады, бірақ олардың көпшілігі піштірілмеген, ұрықсыздандырылмаған немесе вакциналанбаған деп көрсетіледі. Сондай-ақ олардың басым бөлігін иелері немесе панажайлар тіркегені белгілі болады. 
Бұл ретте Астана әкімдігі "2017 жылдан бері елордада бірде-бір мысық немесе ит ұйықтатылмағанын" алға тартқан болатын.
Сонымен қатар, 2025 жылы елордада қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жоюға 178,3 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу сайтында бұл шарт орындалды деп есептеледі, ал өнім беруші соманы толық игергенін көрсеткен. 
Осыған ұқсас түсініксіз жағдай Шымкент әкімдігінде де байқалады. Ондағылар 2022–2024 жылдары АҰВҚ бағдарламасы жүргізілмегенін, себебі тендер жеңімпазы табылмағанын мәлімдеді. Алайда жылдық бюджетке қарағанда, жануарларды ұрықсыздандыруға 139,5 миллион теңге жұмсалуы тиіс болған.
Ең қызығы, 2025 жылы Шымкентте екі келісімшарт жасалған: қаңғыбас жануарларды күтіп-ұстауға 112 миллион теңгеден астам, ал піштіруге - 32,7 миллион теңге жұмсалған. Келісімшарттар конкурс өткізілмей, тікелей жасалған. Қаңғыбас жануарлармен жұмыс істейтін Шымкент ветеринариялық қызметінің барлық басқа келісімшарттары   сондай. 
Осыған байланысты Шымкент әкімдігінің жануарларды вакциналау және ұрықсыздандыру бойынша конкурс жеңімпазын неге таба алмағаны мүлдем түсініксіз, өйткені іс жүзінде үміткерлер бар, жалпы мұндай мемлекеттік сатып алулар бойынша ашық конкурс өткізілмеген. 

"Жалпы алғанда, бақылау соңына дейін жүзеге асырылмады. Бұл жерде осы шараларды өткізген адамдардың бағдарламаның шынайы жұмыс істеуіне қаншалықты мүдделі болғандығы туралы сұрақ туындайды. Бүгінде бұл заңның қалай орындалғанына, қаражаттың қайда жұмсалғанына және оның тиісті жеріне жеткен-жетпегеніне қатысты көптеген сауал бар. Тағы бір мәселе - бұл бақылауды кім жүргізуі керек: қоғам белсенділері ме, әлде мемлекеттік бюджет шығынын қадағалауға тиіс мемлекеттік құрылымдар ма?" - дейді KARE қорының жетекшісі. 

Аулаудан бизнес жасаған
Сонымен, біз анықтағандай, АҰВҚ бағдарламасының орындалуын бақылауға қатысты сұрақтар баршылық, бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Қаңғыбас жануарларды аулау мен жоюды да бақылау қиын және бұл сала да мониторингтен тыс қалып отырған болуы мүмкін.
Билік тендер жариялағанда, жоспарды бекітеді - бір жыл ішінде қанша жануарды аулау, ұрықсыздандыру, панажайларға беру немесе жою керектігін көрсетеді. Мәселен, Алматы бойынша бұл жоспар келесідей: 11 мың жануарды аулап, үш мыңын ұйықтату қажет.
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Жануарлар құқығын қорғаушылардың түсіндіруінше, бұл жоспар өте қарапайым әдіспен құрылады. Былтыр ауланған жануарлар саны алынып, оған белгілі бір пайыз қосылады. Мысалы, егер былтыр 1 500 жануар ауланса, биыл бұл көрсеткіш 1 800 болады.

"Жоспарға қатысты бұл оқиға Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жалғасып келеді. Іс жүзінде, олар жыл сайын қанша жануар аулайтынын өздері белгілеп алады. Жануар неғұрлым көп ауланса, аулау қызметтеріне соғұрлым көп ақша түседі, өйткені бізде қаржыландыру жан басына есептеледі. Әр жануарға бекітілген баға бар", - деп түсіндіреді Коваленко.

Нәтижесінде ежелгі заманнан бері келе жатқан қарапайым схема шығады: неғұрлым көп жойылса - соғұрлым көп ақша төленеді. Мұны аулау жөніндегі барлық жоспар мен мемлекеттік сатып алу сайтындағы оның орындалуы туралы есептер де растайды. Олар мынадай:
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншоттар
Бұл ретте аймаққа байланысты "иттің басына" берілетін баға әртүрлі болуы мүмкін: үш мыңнан сегіз мың теңгеге дейін.
Мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот
Демек, егер аулау қызметтері "әр басқа" қаржыландырылатын болса, онда оларға қаңғыбас иттердің азайғаны тиімсіз. Өйткені олар неғұрлым көп ауласа, соғұрлым көп ақша алады.
Ал АҰВҚ бағдарламасы қымбатқа түскенімен, түптің түбінде аулау қажеттілігін жойып, тиісінше ақша ағынын тоқтатуы тиіс.

"Оларда қаңғыбас жануарлар санын азайту бойынша KPI жоқ. Олардың жалғыз мақсаты - мүмкіндігінше көп жануар аулау. Осы жоспардың кесірінен аулау қызметінің жеке аумаққа кіріп, жануарларды алып кеткені туралы көптеген шағым түсіп жатады", - дейді Юлия Коваленко.

Ал енді ең қызықты бөлігіне келейік. Зооқорғаушылардың айтуынша, жануарларды өлтіру өте тиімді бизнес болуы мүмкін, себебі жойылған иттер мен мысықтар үшін іс жүзінде ешқандай есеп берудің қажеті жоқ.

"Айталық, оларда өлтіру бойынша жоспар бар, сондықтан аулау қызметі, мысалы, ит немесе мысық өткізгендерді ынталандырады. Өздеріне алып келсе, иттің соңынан жүгірудің не керегі бар? Оларға, мысалы, 1500 итті жою керек. Олар үшін қалай есеп береді? Ешқандай есептің керегі жоқ, өлтірді де тастады. Өлекселер толған шұңқырды суретке түсіреді де болды, оны ешкім санап жатпайды", - дейді Сабина Омарбекова.

Ал Юлия Коваленко Астанада зооқорғаушылардың мынадай жағдайларды тіркегенін қосты: аулау қызметі иесіне келіп, күшіктерді алып кеткен де, кейін оларды өлтіріп, есепте үлкен иттер ретінде көрсеткен. 

"Аулау қызметіне иттің үлкен-кішісі маңызды емес, бастысы - басының саны. Тиісінше, олар келеді, оларға жеті күшігі бар қорапты бере салады, олар мұны "жеті бас - пәленбай ақша болады" деп есептейді. Яғни, олар қаңғыбас күшіктердің болмағанына мүлде мүдделі емес. Керісінше, қаңғыбас иттердің мүмкіндігінше көп болғанын қалайды. Жоспар мен қаржыландырудың бас санына байланысты болуы жыл сайын бюджеттің ұлғаюына және қаңғыбас иттер санының өсуіне әкеледі", - дейді Коваленко.

Зооқорғаушылар мынадай қорытындыға келеді: 30 жылдан астам уақыт бойы аулау және өлтіру әдісі қаңғыбас жануарлар мәселесін шеше алмады, демек, бұл бақылау жүйесі өзін ақтамаған.
Мұны Жаңбыршиннің өзі де растап, 2025 жылы 2022 жылға қарағанда көбірек ит ауланғанын айтты. Еске сала кетейік, осы уақыт бойы жануарлар негізінен ұрықсыздандырылмай, тек көзі жойылып келген.
Сондай-ақ қисынды сұрақ туындайды: егер қаңғыбас жануарлар үнемі өлтіріліп жатса, олар неге әлі де азаймай отыр?
Қаңғыбас иттер қайдан шығады?
Дегенмен, әділдік үшін айта кетейік, Қазақстанда иттердің адамдарға шабуыл жасау оқиғалары шынымен де кездеседі. Мұны растау үшін депутаттар соңғы бір жылда Қазақстанда 41 366 адамды ит қапқанын, оның 23 134-і қаңғыбас болғанын алға тартып, статистика келтірді. Бірақ мұнда бір қайшылықты тұс бар.
Іс жүзінде Қазақстанда мұндай статистика атымен жоқ, ал иттердің адамға шабуылы туралы деректер жиі бұрмаланады. Жалғыз қолжетімді дереккөз Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметтері. Онда жануарлар, құстар, рептилия, буынаяқтылар мен жәндіктердің тістеуі, тырнауы және сілекейінің жағылуына байланысты медициналық ұйымдарға жүгіну деректері тіркеледі. 2024 жылдың ішінде мұндай өтініштердің жалпы саны 49 693 болған. 
Ведомство бұл мәліметтерді қоғам белсенділерінің сұрауы бойынша ұсынған - олар редакция иелігінде бар.
Егер осы статистикадан нақты жануарлардың тістеуін бөліп қарасақ, сандар әлдеқайда аз болып шығады: 2024 және 2025 жылдары тиісінше 527 және 533 оқиға болған. Нақты ит қабу жағдайлары одан да аз - 2024 жылы 182 және 2025 жылы 158 оқиға.
Құжат скриншотын зооқорғау қауымдастығы ұсынды
Қазақстанда қаңғыбас жануарлар мәселесі бар екені рас. Көшелерде мыңдаған ит пен мысық жүр, бірақ бұл жерде бәрі бірдей емес. Мәселе мынада: қаңғыбас жануарлардың барлығы не иелері далаға тастап кеткен иттер мен мысықтар, не солардан туып, көшеде өскен күшіктер мен марғаулар.
Осы тұста адамдардың өз үй жануарлары үшін жауапкершілігі туралы айтатын кез келді. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев "иесіз жануарлар мәселесі көп жағдайда адамдардың жауапсыздығынан туындап отыр" деп, үкіметке жануарларды тиісінше күтіп-баптамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды, тіпті оларға, ең алдымен үй жануарларына қатыгездік көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

"Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады", - деді Президент. 

Оның айтқаны орынды. Омарбекованың сөзінше, жеке секторда мынадай құбылыс жиі кездеседі: үйдегі ұрықсыздандырылмаған ит күшіктейді, ал иелері күшіктерді қоқысқа тастайды, панажайларға апарып тастайды немесе біреулерге үлестіріп береді.
Тұқымды ит өсірушілер де солай істейді: екі итті алып, көбейтеді, сатады, ал сатылмай қалғандарын далаға жіберуі мүмкін.
Зооқорғаушылардың айтуынша, қазақстандық панажайлардағы жануарлардың 50–60 пайызы  тұқымды ит өсірушілер тастап кеткен асыл тұқымды иттер.

"Қазақстанда иттерді әрқашан өлтірген және өлтіре береді. Бірақ елестетіп көріңізші, аулау қызметі келіп, барлық итті өлтіріп кетті делік, алайда бір-екі айдан кейін жаңалары пайда болады. Қайдан? Олар бәрін өлтірді емес пе? Олар жеке сектордан, ит көбейтетіндерден, адамдардан келеді. Сондықтан Қазақстанда көшеде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып өмір сүріп жатқан жабайы иттер бар деу қисынсыз. Оларды өлтіреді, бірақ адамдар иттерін далаға тастайтындықтан, жаңалары пайда болады", - деп түсіндірді Омарбекова. 

Юлия Коваленко жүйе көшедегі иттердің көзін жойғанымен, олардың тіркеу, ұрықсыздандыру және жауапкершілік арқылы пайда болуының алдын алмаса, "шүмек жабылмайды" - жаңа жануарлардың ағыны тоқтамайды деп қосты.

"Қарапайым ғана мысал, кез келген жеке секторда иесіз жүрген, жұрттың бәрі білетін ит болады. Ол ұрықсыздандырылмаған, вакцина егілмеген. Ол күшіктей бастайды, айналасына үйір жиналады. Көршілер наразы болып, аулау қызметін шақырады, олар келіп бәрін өлтіреді. Бір айға мәселе шешілгендей болады, бірақ кейін басқа көршінің иті пайда болады да, бәрі қайталанады. Бұл - шексіз айналым", - деп толықтырды KARE қорының жетекшісі. 

Осыдан басқа сұрақ туындайды: бұған кім кінәлі - жануарларға жауапсыз қарайтын қоғам ба, әлде бұл саланы реттемеген мемлекеттік органдар ма? Сабина Омарбекова мұны былай түсіндіреді: 

"Біздің заңымызда иттің мүлік екені жазылған. Егер телефоныңыз жоғалса, полиция оны іздейді, ал ит жоғалса - жоқ. Панажайларға келіп, 8-9 жастағы итін өткізіп жатып, "маған оны күшікке айырбастап беріңіз" дейтін адамдар туралы оқиғалар көп. Мемлекет, депутаттар және қоғам жануарларды сатуға, беруге, тастауға, өлтіруге, шынжырға байлап қоюға болатын және ол үшін ештеңе болмайтын мүлік ретінде қабылдайды. Сондықтан қазақстандықтарда жауапкершілік жоқ. Бұл заңмен де, қоғамдық нормалармен де міндеттелмейді". 

Юлия Коваленко да бұл қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті деген пікірмен келіседі.
"Соңғы шара" немесе жансыздандыру әдістері 
Қоғамда үлкен резонанс тудырған жануарлар туралы заңға енгізілген түзетулерді талқылауға оралайық. Депутаттар АҰВҚ жүйесінен толық бас тартуды ұсынумен қатар, заңның бастапқы нұсқасында оларды аулағаннан кейін панажайларда ұстау мерзімін бес күнге дейін шектеу туралы тармақ болды - егер осы уақыт ішінде ит немесе мысықты ешкім алмаса, оның көзі жойылуы тиіс еді.
Заң жобасы Мәжілісте қабылданғаннан кейін, Сенат бірқатар түзетуді қолдамады. Атап айтқанда, "эвтаназия" терминін қолданудан және бес күндік ұстау мерзімі туралы идеядан бас тарту ұсынылды. 
Сенаторлар мұны эвтаназия - "тек ерекше жағдайларда қолданылатын соңғы шара" екенімен түсіндірді. Мысалы, созылмалы аурулар кезінде немесе жануар қатты ауырсынуды сезінгенде ғана және бұл тек ветеринар дәрігердің қорытындысы бойынша жасалуы тиіс.

"Адамдарды балалардың қауіпсіздігі, санитарлық жағдай, бюджет қаражатының әділ әрі тиімді жұмсалуы және әрине, жануарларға адамгершілікпен қарау мәселесі толғандырады", - деп атап өтті сенатор Арман Өтеғұлов.

Мәжіліс Сенатпен дауласпай, жобаға өзгерістер енгізілді. "Эвтаназия" термині алынып тасталды, бірақ жансыздандыру әдісі қалды. Сондай-ақ бес күндік мерзімді бекіту идеясынан бас тартылды. Оның орнына ұйықтату мерзімін әр өңір "жергілікті жердегі нақты жағдай мен панажайлардың қолжетімділігіне" қарай, сондай-ақ ветеринариялық қорытынды негізінде жеке анықтайтын болды.
Депутаттар қоғамның көңіл-күйі үшін маңызды саналатын жануарларға адамгершілікпен қарау мәселесін қозғаған екен, ендеше ұйықтату әдістерінің өзіне толығырақ тоқталған жөн.
Қазақстанда гуманды эвтаназия жоқ па?
Гуманды эвтаназия екі кезеңмен жүргізілуі тиіс: алдымен ұйықтататын дәрі беріледі, содан кейін жүректі тоқтататын препарат егіледі. Бұл жануар жазылмайтын дертке шалдыққанда немесе физикалық азап шеккенде қолданылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес, басқа жағдайлардың ешқайсысында эвтаназия гуманды деп есептелмейді.

"Кейбір елдерде кинологтар генетикалық агрессияны анықтаған жағдайда да эвтаназияның осы түрі қолданылады, мұндай да болып тұрады. Қалған барлық жағдайда, егер жануар момын, дені сау болса, онда эвтаназия жасау адамгершілікке жатпайды. Бізде гуманды екі кезеңдік эвтаназия тек жеке ветеринарлық клиникаларда қолданылады. Аулау қызметтері улы жебелерді пайдаланады, одан жануарлар көбіне көшеде немесе уақытша ұстау пунктерінде азаптанып өледі", - деп атап өтті Коваленко.

Қазақстанда улы жебелердің қолданылатыны туралы бұрыннан белгілі. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жебе тигеннен кейін иттердің құрысып-тырысып өліп жатқан фотолары мен видеолары жиі жарияланады. Осыған қатысты мысал, Атырау облысындағы су тасқыны кезінде бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің өлімі.  
Пшөн 2024 жылғы су тасқыны кезінде бөгет салуға көмектесіп жатыр. Видеодан алынған кадрлар
Аулау қызметінің қызметкерлері ит аула сыртында жүргенде оған жебе атқан. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аулау қызметі тұрғындардың бірінен үйге кіруге кедергі келтірген үш ит туралы шағым түскен соң келгенін хабарлады. Кейін Пшөннің иесі итінің қалай құрысып өлгені туралы видео жариялады. 
Атыраудағы "Шанс" жануарларды қорғау лигасы" қоғамдық қорының құрылтайшысы Ольга Бахтеева да бұл жағдай аулау қызметі жұмысының айқын көрінісі екенін растады. Оның айтуынша, олар көбінесе жануарларды тұншықтырып өлтіретін екі препаратты - адилин немесе дитилинді қолданады. 

"Жануарларды аулаумен арнайы құралдары (торлар, тұзақтар) бар оқытылған адамдар айналысуы керек. Ал бізде бәрі оңай - атты, өлтірді. Әдетте бұдан кейін жануарлардың өлекселерін бірден жоюға әкетеді. Көбінесе оларды қоқысқа тастай салады немесе өртеп жіберіп, содан кейін шұңқырға көмеді. Еліміздің басым бөлігінде ауланған жануарларды ұстайтын пунктер атымен жоқ, сондықтан оларды өлтіре салу оңайырақ", - дейді ол. 

Ал Сабина Омарбекова жануарларды уақытша ұстауға арналған ірі базалар тек Алматы немесе Астанада бар екенін айтты. Еліміздің көптеген өңірінде олар расымен жоқ, сондықтан аулау жұмыстары бақылаусыз жүргізіледі. 

"Депутаттар әр қала бұралқы иттермен қалай жұмыс істеу керектігін өзі шешсін дегенде, әрине, олар өлтіре салуды ұйғарады. Өйткені оларды ұстайтын жер жоқ. Оның үстіне, көптеген аймақта ауланған жануарларды иелеріне қайтару үшін олардың чиптерін оқитын құрылғылар да жоқ", - дейді зооқорғаушы.

Тағы бір мәселе, ит аулауға арналған тендерді кез келген ЖШС немесе ЖК ұтып ала алатындығында. Ветеринар дәрігер Юлия Богданова БАҚ-қа берген сұхбатында кейбір жосықсыз кәсіпкерлер құжаттарына "ветеринария" ЭҚЖЖ-ін қоса салады да, бағаны түсіріп, конкурстың жеңімпазы атанатынын айтты.  
Мысалы, жақында Оралда жануарларды аулауға арналған құны 9,4 миллион теңгеге жуық тендерде жеңімпаз болып ет өңдеумен айналысатын компания танылды. Дегенмен, бұл ұйым конкурсты заңсыз жолмен ұтып алды деп кесіп айтуға болмайды. 

"Аулау қызметі бақылаусыз жұмыс істейді, ешқандай қадағалау жоқ. Ал еріктілер жұмыстың қалай жүріп жатқанын көруге келсе, оларды Экология министрлігінің рұқсаты керек деген сылтаумен кіргізбей қоюы мүмкін. Рұқсат алған күннің өзінде, сізді ішке өткізеді деген кепілдік жоқ. Мұндай тексерістер кезінде жантүршігерлік жағдайлар анықталды. Мысалы, шұңқырға тірі күшіктерді көмген немесе Беккари шұңқырларында жануарларды тірідей өртеген кездер болды. Егер эвтаназия соншалықты гуманды болса, неге жануарлар ұзақ әрі азапталып өледі?" - дейді Омарбекова. 

Қаңғыбас жануарлар мәселесін қалай шешуге болады? 
Жоғарыда аталған барлық мәселеге қарамастан, Қазақстандағы қаңғыбас жануарларға қатысты жағдайды реттеуге болады. Қазақстандық зооқорғаушылар мен панажай иелері билікке заңға балама түзетулер ұсынды. Олар мынадай кезеңдерден тұрады: 
Жаппай ұрықсыздандыру. Бұл - бүкіл жұмыстың негізі. Қаңғыбас жануарлардың популяциясы азая бастауы үшін олардың кем дегенде 70 пайызын ұрықсыздандыру қажет. Бұл ретте тек көшелерде емес, жеке секторда да жұмыс істеу керек - аулаларға, ауылдарға бару қажет. Сонымен қатар, үй жануарларының иелерін, егер олар асыл тұқымды өсірумен айналыспаса, үй жануарларын ұрықсыздандыруға міндеттеу керек. Бұл талапты елемегендерге айыппұл салынуы тиіс.
Чиптеу және тіркеу. Әрбір жануар чиптеліп, иесінің ЖСН-не байлануы керек. Бұл жай ғана ресми процедура емес: аулаушы итті ұстағанда чипті сканерлейді, иесін табады және жануарды қайтарады.
Чиптеу жауапкершілікті нақты әрі зайырлы етеді.
Ол үшін нақты инфрақұрылым қажет: бірыңғай деректер базасы, сканерлер, қолжетімді чиптер - бүгінде мұның бәрі қағаз жүзінде ғана бар.
Өсіруді бақылау. Сату үшін жануарларды өсіру міндетті түрде тіркелетін, лицензияланатын бизнеске айналуы тиіс. Ол үшін инспекциялар мен есептілік енгізілуі керек: күшік кімге сатылды, жаңа иесі оны тіркеді ме, чип қойды ма - бәрі қадағалануы қажет.
Ешқандай бақылаусыз жабайы түрдегі "хобби-өсіру" - көшедегі жануарлар популяциясын толтыратын негізгі көздердің бірі.
Жануарларды тәрбиелеу және иелерінің жауапкершілігі. Иесі құжаттардың болуына ғана емес, үй жануарының мінез-құлқына да жауапты. Кейбір тұқымдардың иелері міндетті түрде үйрету курстарынан өтуі тиіс, жауапсыз күтіп-баптау көбіне келеңсіз оқиғаларға және кейіннен жануардың далаға тасталуына себеп болады.
Ағарту жұмысы. Жеке бағыт - адамдармен жұмыс: мектептегі балалармен, үй жануарларының иелерімен, әлеуетті сатып алушылармен жұмыс істеу. Жануардың үлкен жауапкершілік екенін түсіндіріп, сатып алудың орнына баспаналардан асырап алу мәдениетін ілгерілету қажет. Сонымен қатар, келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін балаларға жануарлармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, не істеуге болатынын және болмайтынын ерекше түсіндіру керек. 
АҰВҚ және салықты біртіндеп енгізу. АҰВҚ бағдарламасы барлық басқа шаралармен қатар жүреді.
Ұрықсыздандырылған жануарлар үйреншікті аумақтарына қайтарылады - осылайша олар өз ареалын сақтап, ұрықсыздандырылмаған көбеюіне жол бермейді.
Жүйе іске қосылып, 10–15 жылдан кейін көрінетін нәтиже бергенде, жануарларды асырауға салық енгізуге болады. Бірақ одан ерте емес: адамдар алдымен мемлекеттің өз жұмысын атқарып жатқанын көруі тиіс. Сондай-ақ бұл адамдардың санасында ит немесе мысық асырау тек жан-жақты ойланып барып қабылдайтын жауапкершілік деген түсінікті қалыптастырады.
Қаңғыбас жануарлар мәселесін шешудің үздік халықаралық мысалдары
Бұл ұсыныстар қаңғыбас жануарлар мәселесін шеше алған басқа елдердің нақты нәтижелеріне негізделген. Сәтті кейстердің барлығына ортақ бір нәрсе бар - олар аулау мен эвтаназияға емес, вакциналауға, ұрықсыздандыруға және қоғамды тәрбиелеуге негізделген.
Нидерланд
Айқын мысал - Нидерланд. 1970 жылы бұл ел АҰВҚ бағдарламасын енгізіп, қаңғыбас жануарларды жаппай ұрықсыздандыруды бастады. Көрсеткіш 70 пайызға жеткенде, популяция өздігінен өсуін тоқтатып, азая бастады. Сонымен қатар, билік өсірушілерден және зоодүкендерден ит сатып алуға жоғары салықтар белгіледі. Нәтижесінде көбірек отбасы баспанадағы иттерді таңдай бастады.
Сондай-ақ жануарларды міндетті түрде чиптеу және тіркеу туралы норма енгізілді, ал ережелердің сақталуын бақылау үшін тек қатыгездікпен қарау жағдайларымен айналысатын "жануарлар істері жөніндегі полиция" құрылды. Нәтижесінде бұл ел қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесін толығымен дерлік шешкен әлемдегі алғашқы мемлекет болды. 
Төменгі Новгород, Ресей
Қазақстанға көбірек ұқсайтын тағы бір көрнекті мысал Ресейдегі Төменгі Новгород қаласы. 2014 жылдан бері ондағы қаңғыбас жануар саны 15 есе азайды. Қазір қала жылына 450-ден аз жануарды аулайды - бұрын олардың саны 15 мыңға жуық болатын.
Қаңғыбас жануарлардың адамдарды қауып алу үлесі 80 пайыздан 10 пайызға дейін төмендеді.
АҰВҚ бағдарламасы негіз болды: иттер мен мысықтар көшеден жиналып, ұрықсыздандырылады, вакциналанады және мекендеу ортасына қайтарылады. Төменгі Новгород Ресейдегі қараусыз қалған жануарларға ізгілікпен қарау туралы заңды қабылдаған алғашқылардың бірі болды. 
Ал себепсіз агрессия көрсететіндері кері жіберілмейді - олар баспаналарда қалып, онда кинологтар мен зоопсихологтармен жұмыс істейді. Баспаналардың басты мақсаты - оларға отбасы табу: осындай жұмыс жылдарында бес мыңға жуық қаңғыбас жануар жаңа иесін тапты. 
Қала тәжірибесін қазір Ресейдің басқа өңірлері де енгізіп жатыр, ал жергілікті билік басты қорытынды жасады: тек аулау жеткіліксіз - баспанасыз, ұрықсыздандырусыз және халықпен жұмыс істемейінше мәселе шешілмейді.
Көпшілікке Грузияның да осыған ұқсас тәсілі белгілі.
Тбилисидегі чиптелген ит, 2019 жыл. Фото: © Tengrinews.kz
Мексика, Үндістан, Африка және құтыру ауруы
Бірақ бұдан да алыс елдерден мысалдар бар. Көптеген материалды зерттегеннен кейін "Шанс" қорының басшысы атап өткендей - қазір әлемде қаңғыбас жануарлар мәселесін өлтірмей, ізгілікпен шешу тенденциясы алға шықты, өйткені зерттеушілер адам денсаулығы жануарлардың әл-ауқаты жәнен денсаулығымен тығыз байланысты екенін түсінді. 

"Осыған ұқсас ізгілікті әдістер Мексикада құтырудың таралуын жеңуге көмектесті, онда қаңғыбас иттерді вакциналау деңгейі 80 пайызға жетті. Сонымен қатар Африка, Азия, Океания және Еуропа елдерінде де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр", - дейді Бахтеева. 

Жануарларды қорғау қорының басшысы түсіндіргендей: АҚВҚ бағдарламасы жануарлар туралы ғана емес, адамдардың да қауіпсіздігі туралы. Оның айтуынша, өзі мүшесі болып отырған Құтырумен күрес жөніндегі жаһандық альянс қаңғыбас иттер адамдар мен ауру жануарлар арасында "қалқан" болатынын анықтаған, өйткені олар соққыны бірінші болып қабылдайды.
Механизм қарапайым: ұрықсыздандырылған және егілген иттер мен мысықтар өз аумағын ұстап тұрады және құтыру ауруын тасымалдауы мүмкін жабайы аңдарды жібермейді, осылайша аурудың таралуын тежейді. ДДҰ ұсынымдары бойынша, белгілі бір аумақта құтыру ауруының өршуін тоқтату үшін қаңғыбас иттердің кемінде 70 пайызын вакциналау қажет.
Айта кетерлігі, Қазақстанда бұл жүйе қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр: жануарлар құқығын қорғаушылар мәліметінше, "Аулау-ұрықсыздандыру-вакциналау-қайтару" (АҚВҚ) әдісі құтыру ауруының алдын алуға оң ықпал еткен, қаңғыбас жануарларды ұрықсыздандыру мен егу науқас иттер санын азайтуға септігін тигізді.
Биология ғылымдарының кандидаты, Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері Анастасия Перфильеваның презентациясынан алынған скриншот

"Ұрықсыздандыру және вакциналау бағдарламасы - бұл жай ғана "ұстап алып, қайта жіберу" емес, бұл біздің қауіпсіздігімізге қатысты мәселе. Құтыруға қарсы екпеден бас тарту ел үшін апатқа айналуы мүмкін. Осындай қателікке бой алдырып, жануарларды өлтіруді жалғыз әдіс ретінде заңдастыруға асықпау керек", - деп түйіндеді Ольга Бахтеева.

Жақында заңгерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, журналистер, ҮЕҰ өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ бұрынғы мемлекеттік қызметшілер Президент әкімшілігіне ресми хат жолдап, вето құқығын қолдануды және жануарлар туралы заңды Парламентке қайта қарауға жіберуді сұрады. 
Авторы: Александр Григорянц
Дайындаған: Айнұр Қапышова




Moscow.media
Частные объявления сегодня





Rss.plus
















Музыкальные новости




























Спорт в России и мире

Новости спорта


Новости тенниса