Павлодар тұрғындары көпқабатты үйлер салу үшін өз үйінің сүрілуіне қарсы шықты
Павлодарлықтар Затон ауданын лайықты түрде жергілікті "алтын шаршы" деп атайды және оны қаладағы өмір сүруге ең тыныш, беделді әрі жайлы орындардың бірі деп санайды. Аумақты жоспарлаудың жаңа жобасында кенеттен жолдарды кеңейту, ірі әлеуметтік нысандар мен зәулім үйлер салу идеяларының пайда болғаны туралы хабар жер иелерін есеңгіретіп тастады. Тұрғындар өз мүліктері үшін соңына дейін күресуге дайын екендіктерін мәлімдеді.
"Не үшін деп сұрағым келеді. Басқа адамдарды қоныстандыру үшін халықтың үйін тартып алудың мәні неде? Біздің көшелерде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар жандар, зейнеткерлер, байырғы тұрғындар немесе осы жерге тамыр жайған адамдар тұрады. Бұл - кезінде өз жерінде тұру үшін бар жиған-тергенін, жүйкесі мен еңбегін жұмсаған жандар", - деді жергілікті тұрғын Зарина Мәмбетова.
Қала тұрғындарының айтуынша, шенеуніктер сәуір айының соңында өткізген бас жоспарды қоғамдық талқылау тек формальды түрде өткен. Жылжымайтын мүлік иелерінің көбі кездесу туралы мүлдем білмеген, ал мәжіліс залына негізінен аталған ауданның мәселелеріне еш қатысы жоқ мемлекеттік қызметшілер толтырылған. Нәтижесінде нақты тұрғындардың сындарлы ескертулері мен наразылықтары қорытынды құжаттарда көрініс таппаған.
"Затонға көпқабатты үйлер салуға болмайды. Сіздер экологияны бұзасыздар. Қала тұншығып қалады. Біздің Затон ауданында пешпен жылыту жүйесі жоқтың қасы, өте аз қалды. Барлығы орталық жылытуға, инфрақұрылымға, суға және кәріз жүйесіне қосылған", – деп көршілерінің ұстанымын жеткізді қала тұрғыны Айдарқазы Мәкішев.
Элиталық жылжымайтын мүлік иелерінің жаппай наразылығы мен әлеуметтік желілердегі қатты қоғамдық резонанс қала билігін жоспарларын шұғыл қайта қарауға мәжбүр еткен. Ұжымдық арыздардан кейін сәулет және қала құрылысы басқармасы даулы түзетулерден ресми түрде бас тартуға мәжбүр болған.
"Затон шағын ауданын сол қалпында, яғни ЖТҚ (жеке тұрғын үй құрылысы) ретінде қалдыру, қазіргі құрылыс нысандарын сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Бұған дейін онда көппәтерлі тұрғын үйлер мен мектеп салу жоспарланған болатын. Енді ол жер дамусыз, қазіргі қалыптасқан құрылыс күйінде қалады", - деді урбанистика, аумақтарды жоспарлау және дамыту бөлімінің басшысы Михаил Ерменков.
Әкімдік азаматтардың ұстанымы толық ескеріліп, орындауға қабылданғанына сендіреді. Айта кетейік, бұл жағдай павлодарлық парақшаларда қызу талқылау тудырды. Енді желі қолданушылары билікке назарды элиталық жеке сектордан қаладағы реновацияны және апатты әрі ескі үйлерді сүруді шын мәнінде қажет ететін аудандарға аударуды ұсынып отыр.
