Парсы шығанағы елдері Ормуз бұғазына қатысты мәлімдеме жасады
Парсы шығанағы елдері Иранның Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуін реттеумен айналысатын Парсы шығанағын бақылау жөніндегі арнайы басқарманы (PGSA) құруын мойындамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Иран ұсынған бағытты бұғаз арқылы қозғалысты бақылауға алу әрекеті ретінде қарастыру керек... Иран ұсынған бағыт пен PGSA-ны кез келген түрде мойындау қауіпті жағдай тудырады", - делінген Халықаралық теңіз ұйымына жолданған және Бахрейн, Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы мен БАӘ қол қойған хатта.
Мемлекеттердің пайымдауынша, Иран шығанақ арқылы өтетін бағытты өз аумақтық суларының шегінде жүргізуді ұсынған, бұл Тегеранға одан пайда табуға мүмкіндік береді. Құжатта коммерциялық кемелер PGSA-мен ешқандай байланыс орнатпауы және ұсынылған бағытты пайдаланбауы тиіс екені айтылған.
Бұған дейін Иран мен АҚШ арасындағы қақтығысқа байланысты қозғалыс 2,5 айдан астам уақыт бойы бұзылған Ормуз бұғазында кемелердің өтуін реттеу үшін Иран арнайы құрылым құрылатынын жариялаған болатын.
Бейсенбіде, 21 мамырда, АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан Ормуз бұғазын еркін кеме қатынасы үшін ашуды, осы су жолы арқылы өткені үшін ақы алудан бас тартуды, сондай-ақ Иранның уран қорын кейіннен жою үшін АҚШ-қа тапсыруды талап ететінін мәлімдеді.
"Біз оның ашық әрі еркін болғанын қалаймыз. Біз ақы жиналғанын қаламаймыз", - деді Трамп журналистердің Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайды шешу жолдарын қалай көретіні туралы сұрағына жауап бере отырып.
