Қазақстандықтар мейрамханадан тағам ақысын төлемей кете ала ма? Сауда министрлігі жауабы
Қазақстандықтар мейрамханадағы тағам сапасыз немесе толық дайын болмаған жағдайда, ақы төлеуден бас тарта ала ма? Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергеновке осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай жағдайларда ең алдымен мекеме өкілдеріне шағым айтып, мәселені ауызша шешіп көруге болады.
"Егер ауызша келісу мүмкін болмаса, қызмет көрсетушіге, яғни мекеме иесіне жазбаша шағым түсіру керек. Содан кейін барып уәкілетті органға, яғни СЭҚ-ке жүгіну қажет", - деп жауап берді Болат Танабергенов ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол мейрамхана келушінің тапсырыс ақысын төлемеу туралы талабын орындамаса, алдымен шотты төлеп, содан кейін ғана уәкілетті органдарға шағымдану керектігін айтты.
"Иә, алдымен ақысын төлеп, содан кейін ғана бұл мәселені анықтау үшін уәкілетті органдарға жүгінген жөн. Егер мәселе шағымға немесе оған жауап берілмеуіне қатысты болса, аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне де хабарласуға болады", - деді комитет басшысы.
Тағы оқыңыз: Мейрамхана мен дәмханаға өз тамағыңмен кіруге бола ма? Заңгер түсіндірді
