Алабай 45 қойды талап тастаған: фермер ветқызметтен 2,5 миллион теңге өндіріп алған
Жамбыл облысында сот шаруа қожалығы иесінің әкім аппараты мен аудандық ветеринария бөліміне қарсы берген талап арызын қарады. Сот талқылауына алабайдың фермердің қойларына шабуыл жасауы себеп болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2024 жылдың қарашасында талап қоюшының шаруа қожалығының аумағына иесіз жүрген алабай кіріп кеткен. Қораға кірген ит қойларға шауып, салдарынан 45 бас мал қырылған.
"Талап қоюшы Қордай ауданының әкім аппараты мен ветеринария бөлімінен материалдық шығынды өндіруді сұрады. Жауапкерлер фермердің өзі қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегенін алға тартып, талаппен келіспеді", - деп түсіндірді соттағылар істің мән-жайын.
Жануардың иесі анықталмаған, бұл оның қараусыз жүргенін білдіреді. Сот қаңғыбас жануарларды аулау және олардың санын реттеу функциялары ветеринариялық қызметке жүктелгенін анықтады. Дегенмен, мекеме тарапынан азаматтардың мүлкіне зиян келтірудің алдын алу бойынша қажетті шаралар қабылданбаған.
"Жауапкердің мал иесі тарапынан қауіпсіздіктің тиісінше қамтамасыз етілмегені туралы уәждерін сот негізсіз деп таныды, өйткені малдың тиісті жағдайда ұсталғаны айғақтармен расталды", - деп толықтырды сот.
Шығын көлемін анықтау кезінде сот ресми мәліметтерге сүйенген, оған сәйкес оқиға болған кезде бір қойдың орташа құны 57 мың теңгеден асқан. Шығынның жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеден астам деп белгіленген.
Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды: ветеринария бөлімінен көрсетілген сома мен сот шығындары өндірілген. Ауылдық округ әкімі аппаратына қатысты талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шешімі заңды күшіне енді.
