QirSabyn анонимді Telegram-арнасының әкімшілеріне үкім шықты
Не болды?
Р.Ә. және Р.Т. есімді азаматтарға қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі мөлшердегі бопсалау" бойынша қаралды.
Сот жабық режимде өтті, яғни оған БАҚ өкілдері мен тыңдаушылар қатыстырылмады.
Бап санкциясында мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Сот үкімімен Р.Ә. кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркілене отырып, 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Р.Т. да аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айырылды", – деп хабарлады сот.
Астана соты баспасөз қызметінің мәліметінше, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сот ақпаратына сәйкес, қылмыстық іс апелляциялық инстанцияға түскен. Сондай-ақ сотталушылардың үкімге шағым түсіргені нақтыланды, бірақ сот процесі басталатын күн әзірге белгіленбеген.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, 2024 жылғы желтоқсанда QirSabyn анонимді Telegram-арнасы әкімшілерінің қамауға алынған белгілі болған еді. Прокурорлардың ақпаратынша, олар бопсалаумен айналысқан. Тергеушілер техниканы, ірі көлемдегі ақша мен басқа да заттай айғақтарды тәркіледі.
Кейін QirSabyn анонимді Telegram-арнасының ісін ҰҚК тергеп жатқаны белгілі болды.
QirSabyn – Қазақстандағы саясаткерлер, блогерлер мен танымал тұлғалар туралы жеке мәліметтерді жариялап тұрған анонимді Telegram-арна. Оның аудиториясы 110 000-нан астам оқырманға жеткен. Қазір арна жабық.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
TengriNews | Қазақстан жаңалықтары (@tengrinewskz) жарияланымы
2025 жылғы сәуірде Үкіметте өткен брифингте мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай ресурстардың қызметі туралы пікір білдірді. Ол бүгінде Қазақстандағы анонимді Telegram-арналардың "өтірік, манипуляция мен арандатушылық ошағына" айналғанын және адамдардың көңіл-күйіне әсер ететінін мәлімдеді.
Министрлік басшысы сол кезде ведомство мұндай платформаларды анықтап, бұғаттауға басымдық беретінін айтып, QirSabyn ісін мысалға келтірді.
