“Қызыңыз қайтыс болды, келіңіз“: Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты сотта қаза тапқандардың туыстары сөз сөйледі
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты басты сот талқылауында қаза тапқандардың туыстары сөйледі. Қайтыс болған қыздардың бірінің анасы көзіне жас алып, қызымен соңғы рет сөйлескені туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Кешке ораламын"
Қайғылы оқиға құрбандарының бірі 22 жастағы К. Сәуірде ол 23 жасқа толар еді.
1 маусымда сотта қаза тапқан қыздың анасы сөз сөйледі. Жауап алу кезінде ол көзіне жас алып, қызының соңғы күні туралы айтты. Жәбірленушінің айтуынша, 20 наурызда таңертең К. жұмыстан кейін үйіне таксимен келген.
"Ол такси жүргізетін. Үйге келіп: "Мама, қарным ашты" деді. Мен оған ас бердім. Сол күні ол автонесиесін 260 мың теңге төлеуі керек еді. 90 мың теңгедей жетпей тұрған. Ол: "Мама, мен қазір ақша тауып келемін де, кешке ораламын" деді", – деп еске алды марқұмның анасы.
Кейін, кешкісін әйел қызы үйге көпке дейін оралмаған соң, онымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен.
"Түнгі сағат 11:30 шамасы болатын. Уайымдай бастап, оған қоңырау шалдым. Көлікте жолаушылар бар екен. Ол: "Мама, қазір мыналарды түсіріп тастаймын да, үйге барып тамақ ішемін" деді. Бұл біздің соңғы сөйлесуіміз болды", – деді Жолдасова.
Осыдан кейін әйел ұйықтауға жатқан. Келесі күні таңертең отбасына қыздарының қаза тапқаны туралы хабарланған.
"Қызыңыз қайтыс болды, тез жетіңіздер"
Анасының айтуынша, олар соңғы сәтке дейін қателік кеткен шығар, қызымыз ауруханада жатқан болар деп үміттенген.
"Өзім ауырамын, екі жылдан бері емделіп жүрмін. Таңғы сағат тоғыз шамасында күйеуіме телефон соғып: "Қызыңыз қайтыс болды, тез жетіңіздер", - депті. Біз таңғы тоғызда Шамалғаннан шығып, сағат он бірлерде мәйітханаға келдік. Сенбедім. Ол комада жатқан шығар деп ойладым. Бірақ ол жерге барғанда, қызымды мәйітханадан көрдім. Оның денесі бөлшектеліп кетіпті", - деді әйел көз жасына ерік беріп.
Марқұмның отбасы сотталушыны кешірді
Содан кейін сотта қаза тапқан К.-ның анасының сотталушы А. П.-мен татуласу туралы арызы оқылды. Құжатта әйел ол кінәсін толық мойындап, өкінгенін, кешірім сұрап, отбасына келтірілген материалдық және моралдық шығынды өтегенін көрсеткен. Сонымен қатар туыстары оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Осыдан кейін әйел арызды өз қолымен жазғанын растады. Сондай-ақ ол өз өкілдерінің қызметінен бас тартқанын, өйткені отбасының сотталушыға ешқандай талабы жоқтығын түсіндірді.
"Иә, бас тарту арызын өзім жаздым. Біздің ешқандай талабымыз жоқ. Сотталушы өз кінәсін мойындап отыр. Қызымыздың аруағы тыныш болсын деп өкілдерден бас тарттық. Е.-нің (қаза тапқан жігіттің – ред. еск.) отбасымен бірге біз оны кешірдік", – деді жәбірленуші.
1996 жылы туған Mercedes жүргізушісінің қарындасы да сотта отбасы сотталушыға кешірім бергенін мәлімдеді. Олар да оған шартты мерзім тағайындауды сұрады.
Жол апатынан қаза тапқан үшінші адам 2005 жылы туған Т.-ның отбасы бұл отырыста сөйлеген жоқ. Сот жәбірленуші тараптан жауап алуды бейсенбі, 4 маусымға ауыстырды.
Бұған дейін біз қаза тапқан 22 жастағы К.-ның құрбысымен сөйлестік. Оның айтуынша, қыз өте белсенді әрі мақсатшыл болған, бизнеспен айналысып, Түркия мен Қытайдан тапсырыстар тасымалдаған. Қыз отбасындағы жалғыз бала еді, ал құрбысы екеуінің дос болғандарына 10 жылдан асқан.
Сұхбаттасушының сөзінше, ол болған жағдайға соңғы сәтке дейін сенбеген, өйткені қайғылы оқиғадан сәл бұрын қаза тапқан қыздың Instagram Stories-індегі жазбалары белсенді болып тұрған.
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр және оған қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Күдікті А. П. Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша айыпталып отыр.
Анықтама: Бап санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Айыптау актісі
Алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды. Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы А. П. – Zeekr 001 автокөлігінің иесі әрі жүргізушісі – рөлге мас күйінде отырған.
Сондай-ақ айыптау мәліметтеріне сәйкес, көлікте тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін 100 QR 02 нөмірі болған.
"Жүргізушіге көлікті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірлермен басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr 001 көлігімен келе жатып, шамамен сағат 3:30-да белгіленген жылдамдық режимін сағатына 80 шақырымнан асырып жіберген және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолданбаған. Осылайша ол жол қозғалысының басқа қатысушыларының өмірі мен денсаулығына үнемі қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесімен қиылыста сотталушы қарсы бетке шығып кетіп, әл-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes-Benz автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деді прокурор.
Соқтығысу салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапты: 1996 жылы туған Mercedes жүргізушісі, сондай-ақ оның 2003 және 2005 жылы туған екі жолаушысы.
Айыптау актісін оқу кезінде қаза тапқандардың туыстары көз жасына ерік берді.
Сотталушы қандай жылдамдықпен жүрген?
Сондай-ақ прокурор сотқа айыптаудың негізі болған ресми сараптамалардың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, сотталушы жеңіл дәрежелі мас күйінде болған, ал соқтығысу алдында оның көлігінің жылдамдығы сағатына 219 шақырым болған.
Сотталушы өзіне тағылған айыптың мәнін түсінетінін мәлімдеп, БАҚ-та суреті мен анкеталық мәліметтерін жарияламауды сұрады. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартты.
ҚР ІІМ видеосынан кадр
"Өз іс-әрекетімді ақтамаймын" – Zeekr жүргізушісі
Төрағалық етуші судья тараптардың басты сот талқылауын өткізу форматы туралы пікірін тыңдағаннан кейін, сотталушы А. П. қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады.
"Ешқандай сөз де, ешқандай іс-әрекет те жақындарыңызды қайтара алмайтынын түсінемін. Әр отбасына қаншалықты қайғы әкелгенімді білемін. Өз іс-әрекетімді ақтамаймын. Ештеңеге үміт артпаймын, ештеңеден дәметпеймін. Заңға сәйкес жазамды толық өтеуге дайынмын. Тек бостандыққа шығып, қолдан келгенше отбасыларыңызға көмектескім келеді. Өзімді кешірмеймін және сіздерді ұмытып кетпеймін. Кешіріңіздер", – деді ол.
Отырыс аяқталғаннан кейін журналистер қаза тапқандардың туыстарымен сөйлеспек болды, бірақ олар пікір беруден бас тартты. Қаза болған қыздардың бірінің отбасының ұстанымы туралы олардың өкілі Мейірман Шекеев егжей-тегжейлі айтып берді.
"Біздің тарап материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыз беру ниетінде. Біз моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге талап етеміз, өйткені адам өмірі баға жетпес құндылық. Сондай-ақ марқұм автокөлік сатып алу үшін несие алған болатын – қазір ата-анасы оны әлі де төлеп жатыр", – деді Шекеев.
Сондай-ақ Мейірман Шекеев қаза тапқандардың бірінің отбасы сотталушымен татуласуға келіскенін қосып өтті.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
12 мамырда істі тергеу аяқталды. 28 мамырда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшысын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Дау салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайын хабарлады.
"Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.
Анықтама: ІІМ деректері бойынша, 2026 жылдың наурызына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік нөмір үшін тыйым салынған 106 әріптік тіркесім тізімі бар. Тыйым салынған сериялар ішінде: SEX, USA, KNB, MVD, OPG, SOS және басқалары бар. Ішкі істер министрлігінің мләмітеінше, тыйым 2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту комитеті жүргізген тілдік сараптамаға негізделген.
Тағы оқыңыз: “Үш адамның өмірі үшін 10 жыл тым аз“ - марқұмдардың жақындары Алматыдағы ірі жол апаты туралы
