Депутат “Маша и Медведь“ және балабақшадағы ЛГБТ символикасы бар ойыншықтарға алаңдаушылық білдірді
Мәжілісте Қазақстан балабақшаларында қандай мультфильмдер, кітаптар мен көрнекілік құралдары пайдаланылатыны туралы мәселе көтерілді. Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Ринат Зайытов сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Депутат балабақшаларда "Маша и Медведь" мультфильмі жиі қосылатынын айтты. Осыған байланысты ол ұлттық тәрбие аясында Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік тапсырыспен қандай мультфильмдер әзірлегеніне қызығушылық танытты. Сондай-ақ Зайытов мектепке дейінгі ұйымдарда қандай әдістемелік және көрнекілік құралдар қолданылатынын сұрады.
"Жалпы балабақшада бағдарлама бар ма, ұлттық тәрбие беретін. Қандай мультипликация бар, ұлттық тәрбие беруге, қандай көрнекілік құралдары бар. Өйткені сол жерде тұрған ойыншықтарды қарасаң ЛГБТ символикасымен тұрады", - деп сұрақ қойды мәжілісмен.
Депутаттың сұрақтарына оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бекітілген, онда ұлттық тәрбие бағыты қарастырылған.
"Меншік нысанына қарамастан, барлық балабақша осы оқу бағдарламасын басшылыққа алуы тиіс", - деді Мелдебекова.
Ол көрнекілік құралдардың тізбесі министрдің бұйрығымен бекітілгенін нақтылады. Тізбеге балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген материалдар: сағат циферблаттары, белгілі тұлғалардың портреттері, математика бойынша құралдар, түрлі фигуралар және басқа да материалдар енген.
Зайытов балабақшалар үшін бекітілген әдебиеттер бар ма және министрлік бағдарламалары бойынша қандай мультфильмдер шығарылды деп қайта сұрады. Мелдебекова мектепке дейінгі ұйымдарға арналған әдебиеттер тізбесі де министрдің бұйрығымен бекітілгенін айтты.
"Мультфильмдерге келетін болсақ, мен жауапты жазбаша түрде бере аламын, өйткені қазір нақты туындыларды атай алмаймын", - деді ол.
Депутат нақты сұрақтарға нақты жауаптар берілуі керек екенін мәлімдеді.
"Мен бұл туралы бірнеше рет сұрадым. Бірден: пәленше деген бұйрық бар, әдебиеттердің бекітілген тізімі бар, ал мультфильмдер бойынша жауап жазбаша беріледі деп айту керек еді", - деп атап өтті Зайытов.
Мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда Президент қоғамдық кеңістікте, БАҚ-та, интернетте және онлайн-платформаларда заңсыз контенттің таралуына, соның ішінде дәстүрлі емес жыныстық көзқарасты насихаттауға шектеу қоятын заңға қол қойды.
Әділет министрлігі жаза көзқарас үшін емес, дәл осы насихат үшін қарастырылғанын түсіндірді.
Бұған дейін біз 2027 жылдан бастап Қазақстандағы балабақшалар лицензияланатыны туралы жазған болатынбыз. Талаптар меншік нысанына қарамастан барлық балабақшаға - ғимараттарға, педагогикалық құрамға, бағдарламаларға, материалдық-техникалық база мен инфрақұрылымға қатысты болады.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балаларға тамақ ішу, тұру, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін ұсынатын ұйымдарды кенеттен тексеруге мүмкіндік беретін мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енгені хабарланды.
