“Ғажап өнер“: Шайдоровтың хореографы теннис аңызына “пародия жасады“
Хореограф Instagram-да жариялаған видеосында аңызға айналған теннисшінің позаларын би эстетикасында қайталайды.
Ерекше видео жарияланған сәттен бастап небәрі 7 сағат ішінде 500 мыңға жуық қаралым жинаған.
"Өнер - бұл Ноле!";
"Би және спорт өнері! Бұл өте әдемі!";
"Әрбір қадам Джоковичтің ырғағын, дәлдігін және тепе-теңдігін көрсетеді. Балет арқылы сіз Ноленің бірегей қимылдарын жандандырдыңыз!"; "Ғажап өнер", - деп жазды қолданушылар Иванның видеосының астына.
Джоковичтің өзі де бұл видеоны байқап, әлеуметтік желілерінде таңданысын білдіретін смайликпен бөлісті (репост жасады).
Фото: instagram.com/djokernole/
"Мен үшін Новактың бұл видеоны байқағаны өте маңызды, өйткені мұндай мойындау әрине өте жағымды. Шығармашылығыңды біреулер байқағанда, әсіресе оны кімге арнасаң, солар бағалағанда бұл үлкен шабыт береді", - деді Иван Мещеряков Tengri Sport тілшісіне.
Еске сала кетейік, сербиялық теннисші Новак Джокович - теннис тарихындағы ең көп марапатқа ие ойыншы.
Ол "Үлкен дулыға" турнирлерінде 24 рет жеңімпаз атанды, ал 2024 жылы кәсіби марапаттарының қатарын Олимпиада алтынымен толықтырды.
Хореограф ерекше роликтер туралы айтты
Хореограф Иван Мещеряков Қазақстанда Михаил Шайдоровтың Олимпиада алтынын иеленген бағдарламаларының авторы ретінде танымал болды.
Иван 2024 жылы Санкт-Петербургтен Алматыға көшіп келді және содан бері көптеген мекемемен белсенді жұмыс істеп келеді.
"Меніңше, спорт пен өнер бір-біріне өте жақын, әсіресе мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика немесе синхронды жүзу сияқты спорт түрлері туралы айтатын болсақ. Әлемдік деңгейдегі спорт аңыздары туралы сөз қозғағанда, олардың шеберлігін мүлдем жаңа деңгейге көтергенін көреміз. Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Серена Уильямс сияқты спортшылар өз ойындарын нағыз өнерге айналдырды", - деді хореограф тілшімізбен әңгімелесу барысында.
Джоковичтің позалары бейнеленген видеодан бөлек, Иванның Роджер Федерер мен Арина Соболенко туралы да осындай роликтері шығып, олар да 600 мың және 1,6 миллион қаралым жинаған.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Ivan Meshcheriakov-тың жарияламы (@ivan_mesh_)
- Теннисшілердің позаларын би арқылы қайталау идеясы қалай туындады?
- Би - менің кәсіби қызметім болғандықтан, өмірде биге ұқсайтын сәттерді жиі байқаймын. Әсіресе бұл адамның қимыл-қозғалысын бақылайтын салаларға қатысты. Әрбір теннисшінің өзіндік бірегей стилі бар және кәсіби деңгейде бұл би сияқты өнерге айналады.
- Алдағы уақытта басқа спорт түрлері бойынша осындай видеолар түсіру жоспарда бар ма? Егер болса, қай спорт түрінен? Қазақстандық теннисшілерді түсіру жоспарда бар ма?
- Иә, мен футболшылармен, баскетболшылармен, мүмкін хоккейшілермен осындай видеолар жасағым келеді, сонымен қатар түрлі спорт түрлерін байқап көрмекпін. Әрине, теннис сериясын жасап жатқанда, қазақстандық теннисшілермен де міндетті түрде осындай видео түсіремін.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Ivan Meshcheriakov-тың жарияламы (@ivan_mesh_)
Иван Мещеряковтың айтуынша, теннис пен оның тікелей қатысы бар мәнерлеп сырғанау спорты бір-біріне ұқсас.
"Менің ойымша, мәнерлеп сырғанау мен теннисті біріктіретін нәрсе - екеуінің де керемет әдемі спорт түрі екендігі. Әрқайсысының өзіндік сұлулығы бар. Мәнерлеп сырғанаудағы сұлулық - қимылдарды орындау, секіру және айналу шеберлігінде болса, теннисте - соққы беру шеберлігінде, ойын техникасы мен қимыл пластикасында", - деп атап өтті хореограф.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы қыста қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров осы спорт түрінен Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алған еліміздің алғашқы өкілі атанды. Оның еркін бағдарламасы Олимпиадада үздік деп танылып, қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрғанына қарамастан, қарсыластарын басып озуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың келісімшартына қатысты жағдай туралы журналистер сұрағына жауап берген болатын.
