Қазақстанда кальян бизнесі заңдастырылуы мүмкін: бюджетке миллиардтар түседі
Қазақстандағы кальян бизнесін лицензиялап, заң аясына шығару қажет. Мұндай пікірді Мәжіліс кулуарында қаржы министрі Мәди Такиев білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Қаржы министрлігінің басшысы қорқорға салынған тыйымды жеңілдетуді қарастыратын жаңа заң жобасына қатысты пікір білдірді.
"Бүгінде бізде қорқорға тыйым салынған, сондықтан олардың нақты санын есептеу мүмкін емес. Бірақ біз оларды лицензиялау керек деген ұстанымдамыз, өйткені олар бәрібір бар", – деп атап өтті Мәди Такиев.
Министр нәтижесіз күрестің орнына мемлекетке бұл секторды заңдастырып, кальян орталықтарының иелерін салық төлеуге міндеттеу тиімдірек екенін айтты. Қаржы министрлігі заңдастырудан түсетін ықтимал пайданы да есептеп қойған.
"Олардан бюджетке төлем өндірген дұрыс. Біздің есебімізше, қосымша түсім шамамен 50 миллиард теңге болады", – деді шенеунік.
Бұған дейін Қазақстанда кальянға қатысты тыйымды қайта қарау мүмкіндігі талқыланып жатқаны хабарланған болатын. Жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді.
