Қазақстандықтарға заңсыз төлем жасау схемасы әшкереленді: 13 өңірде тергеу басталды
Мыңнан астам әйел декреттік төлемдерді асыра алу схемаларына қатысты қылмыстық істер бойынша тергеліп жатыр. Қазақстанның 13 өңірінде жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша барлығы 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Үнзила Шапақ Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сілтеме жасай отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) декреттік төлемдерді реттеудегі олқылықтар салдарынан 67 миллиард теңгеден астам қаражат жоғалтқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, аудит барысында декреттік төлем алушылардың жалған жұмысқа орналасу деректері анықталған. Кейбір жағдайларда әйелдер әлеуметтік төлемдер мөлшерін көбейту үшін бірден бірнеше ұйымға - 42 жұмыс орнына дейін тіркелген. Мұндай заңбұзушылықтар жалпы 17 мың алушыға қатысты анықталып, төленген ақшаның жалпы сомасы 28,6 миллиард теңге болды.
Сондай-ақ депутат бала күтіміне байланысты төлемдерді тоқтату немесе тоқтата тұру механизмінің болмауы МӘСҚ-қа 28,3 миллиард теңгеден астам қосымша шығын әкелгенін еске салды.
Бұған жауап ретінде Қаржы министрі Мәди Такиев қазіргі уақытта ішкі аудит жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Біз декреттік төлемдерге қатысты мәселелерді қарастырып, зерделеп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, министрлікте ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Осы айда аудитті аяқтаймыз", - деді Такиев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегайдың айтуынша, заңбұзушылықтар қордың өзі және Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген тексерістер кезінде анықталған.
"Қазақстанның 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Барлық материал құқық қорғау органдарына берілді. Олар бойынша мыңнан астам әйел тергеліп жатыр", - деді Шегай.
Оның сөзінше, тергеліп жатқан істер бойынша шығынның алдын ала сомасы шамамен 3 миллиард теңге.
"Осы заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты тоғыз қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр", - деп атап өтті вице-министр.
Шегайдың айтуынша, заңнамалық деңгейде жоғарылатылған әлеуметтік төлемдер алу үшін мұндай схемаларды пайдалануға мүмкіндік беретін жағдайларды жоюға бағытталған бірқатар түзету қабылданды.
Бұған дейін МӘСҚ жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу деректері қалай анықталғанын айтып берген болатын.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда қайтыс болғандарға 21 миллиард теңге зейнетақы төленген
