Қазақстанда электр энергиясының тарифтері көтеріледі: бұл кімдерге қатысты болады?
Қазақстанда 60 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясының шекті тарифтерін қайта қарау жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі бұйрығының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, жаңа тарифтерді 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифтерді өзгерту туралы бұйрық жобасын дайындады.
Тарифтерді қайта қарауға 60 энергия өндіруші ұйымның өтінімі себеп болған. Энергетика министрлігі бұл өзгерістер электр станцияларында жөндеу жұмыстарын жүргізу және жабдықтарды жаңарту үшін қажет екенін түсіндірді.
"Шешім жөндеу науқандарын уақтылы өткізу, сондай-ақ жабдықтардың сенімділігін жаңарту мен ұстап тұру бойынша ұзақ мерзімді бағдарламаларды іске асыру үшін қажетті қаржылық жағдайларды жасауға бағытталған", – делінген құжатта.
Жаңа тарифтерді 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта жоба жария талқылаудан өтіп жатыр, ол 30 маусымға дейін жалғасады.
Сондай-ақ құжатта "тарифтердің өзгеруі теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайды" деп көрсетілген.
Энергетика министрлігі не дейді?
Tengrinews.kz тілшісі пікір алу үшін Энергетика министрлігіне жүгінді.
Ведомство өкілдері бұл өзгерістер тек электр энергиясының көтерме нарығына қатысты екенін және тұтынушыларға әсер етпейтінін хабарлады.
"2026 жылғы 1 шілдеден бастап энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясын өндіруге түзетілген шекті тарифтерді қолданысқа енгізу жоспарланған. Бұл өзгеріс тек электр энергиясы нарығының көтерме сегментіне қатысты", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Энергетика министрлігі тарифтерді өзгерту 60 компанияға жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жабдықтарды жаңартуға және энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге көмектесетінін мәлімдеді.
"Бұл шара энергетикалық кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне, жөндеу шараларын дер кезінде өткізуге, генерациялаушы қуаттарды одан әрі жаңғыртуға және саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға жағдай жасауға арналған", – деп толықтырды министрліктегілер.
Бұған дейін "Астана-АЭК" басқарма төрағасы Руслан Әбжанов Астанада электр энергиясы тарифтерін көтеру жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. "Астана-АЭК" АҚ шекті бағаны ҚҚС-сыз бір киловатт-сағат үшін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеруге өтінім берді – өсім 12,5 пайыз. Жаңа тарифтер 5 маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін екені хабарланған еді.
Тағы оқыңыз: Астанада электр энергиясы қымбаттайды: жаңа тарифтер аталды
