Жамбыл облысында ер адам бір санға бола полицияны сотқа берді
Жамбыл облысының тұрғыны көлік құжаттарындағы бір санның қате жазылуына байланысты полицияны сотқа берді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, ер адам полиция департаментіне қарсы талап арыз түсіріп, көлік құралын тіркеу туралы куәліктегі қатені түзетуді талап еткен.
Әңгіме 2009 жылы шыққан Nissan Tiida автокөлігі туралы болып отыр. Оны тіркеу кезінде құжаттарда шанақтың сәйкестендіру нөмірі (VIN) қате көрсетілген - сандардың бірі көліктің нақты нөміріне сәйкес келмеген.
Істі қарау барысында сараптама жүргізілді. Мамандар шанақтың нақты нөмірі зауыттық екенін, оған ешқандай өзгеріс енгізілмегенін және оның тіркеу құжаттарында көрсетілген деректермен сәйкес келмейтінін анықтады.
Осылайша, қателік автокөлікті тіркеу кезінде енгізілген мәліметтерден кеткені белгілі болды.
Сот уәкілетті орган көлік иесінің өтінішін объективті түрде қарау және оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдамаған деген қорытындыға келді. Істі қарау нәтижесі бойынша Жамбыл облысының полиция департаментіне тіркеу куәлігіне өзгерістер енгізіп, VIN-кодтағы қатені түзету міндеттелді.
Сонымен қатар азаматтың өтінішін қарау кезінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарының бұзылғаны анықталуына байланысты сот Ішкі істер министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
