Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты шешім үшін WBO-ны айыптады
Британдық боксшы WBO-ның өз өкілдері мен қазақстандық спортшының командасы арасында міндетті келіссөздер жүргізу туралы шешіміне жауап қатты. Ол Әлімханұлын допинг дауынан кейін чемпиондық белбеуге үміткер ретінде бекітпеу керек еді деп санайды.
"Шынымды айтсам, бұл мен үшін әзіл сияқты. Бұл жай ғана келеке. WBO-ның жасаған қадамы - бокс үшін масқара. Іс жүзінде олар допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткен адамды марапаттап отыр.
Маған мұның еш қисыны жоқ. Оның үстіне, оны тек оң сынамадан кейін марапаттап қана қоймай, шеттетілу мерзімі әлі аяқталмай жатып осындай мүмкіндік беріп отыр. Бұл мүлдем қисынсыз", - деді ол сұхбатында.
Шираздың айтуынша, енді ол қиын таңдау алдында тұр - бүкіл әлемге өз салмағында үздік екенін дәлелдеу немесе таза спорт жолындағы күресті қолдау.
"Бұған санкциялаушы ұйым жауапты. Оң нәтиже берген сынама бәрібір оң болып қала береді - оның алғаш рет болғаны не болмағаны маңызды емес. Біздің спорт түрінде адамдар өз өмірін қатерге тігеді.
Ішкі даусым: "Келіс, рингке шық та, өз жұмысыңды істе" дейді. Бірақ моральдық принциптерді ұстанатын және өзін таза спортшы санайтын адам ретінде, мұндай жекпе-жекке келісу мен сенетін құндылықтарға қайшы келуі мүмкін екенін түсінемін. Шынымды айтсам, мені өте қиын жағдайға қалдырды", - дейді Шираз.
Осы сұхбатында британдық спортшы ұйымды жемқорлықпен де айыптады.
"Менің ойымша, бұл — жемқорлық және мен заттарды өз атымен атаймын. Мұндай шешімдер қандай да бір байланыстарға, бәлкім, жеке қарым-қатынастарға немесе соған ұқсас нәрселерге негізделеді деп ойлаймын. Мен осы пікірдемін және сөзімнен қайтпаймын", - деді боксшы.
Жәнібек Әлімханұлының шеттетілу мерзімі жойылды
Еске сала кетейік, өткен аптада WBO Жәнібек Әлімханұлының қанынан допинг табылуына байланысты шеттетілу мерзімін қысқартқан болатын. Орта салмақтағы Қазақстанның бұрынғы әлем чемпионы өткен жылдың желтоқсанынан бері жекпе-жектерден шеттетілген еді, бірақ ол тыйым салынған заттарды қолданбағанын бірнеше рет айтқан.
Шеттетілу мерзімін қысқартумен қатар, WBO қазақстандықты супер орта салмақтағы титулға үміткер деп танып, қазіргі белбеу иегері Хамза Ширазға жекпе-жек бойынша келіссөздерді бастауды міндеттеді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
JANIBEK | QAZAQ STYLE (@janibek_alimkhanuly) жарияланымы
Шираз бұған дейін де Әлімханұлымен жұдырықтасудан бас тартқан
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Шираз бен Әлімханұлы орта салмақта өнер көрсетіп жүргенде, олардың арасында жекпе-жек жоспарланған болатын. Сол кезде британдық көпшілік алдында Жәнібектің белбеуіне үміткер ретінде шығуға келіскенімен, кейін оның командасы келіссөздерден шығып кетті.
Нәтижесінде Шираз орта салмақтағы басқа белбеу үшін таласты, бірақ оның Карлос Адамеспен жекпе-жегі тең аяқталды. Осыдан кейін британдық жаңа салмақ дәрежесіне ауысып, WBO нұсқасы бойынша бос тұрған белбеуді иеленді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Hamzah Sheeraz-дан публикация (@hamzahsheeraz)
Жәнібек Әлімханұлы - бұрынғы әлем чемпионы
33 жастағы қазақстандық спортшы - кәсіпқой бокс әлеміндегі еліміздің ең титулды өкілдерінің бірі.
Оң допинг-сынамаға байланысты шеттетілгенге дейін ол WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы болған және кубалық Эрисланди Лараға қарсы үшінші титул үшін жекпе-жекке дайындалып жатқан болатын.
Допинг дауынан кейін оның үшінші титул үшін жекпе-жегі тоқтатылып, IBF оны белбеуінен айырды. WBO нұсқасы бойынша титулы күшінде қалғанымен, қазақстандық жоғары салмақ дәрежесіне көтерілу үшін одан өз еркімен бас тартты.
"Бұл таныстықпен жасалмайды": Әлімханұлы - Канело жекпе-жегі туралы не белгілі?
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы Хамза Ширазбен жекпе-жекті Нью-Йоркте (АҚШ) өткізгісі келетінін мәлімдеген болатын.
