Құрылтай сайлауы қалай өтіп жатыр: халықаралық байқаушылар бағасы
Халықаралық миссиялар құрамына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Армения және өзге де мемлекеттердің өкілдері енді. Байқаушылар сайлау учаскелерінің дайындығын, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс берудің қолжетімділігін, дауыс беру құпиялылығының сақталуын және сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмысын атап өтті.
Түркиядан келген байқаушылар: ақпараттандыру жағынан кемшілік жоқ
Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта Қазақ ұлттық өнер университетіндегі сайлау учаскесіне барды. Оның айтуынша, түрік делегациясы Қазақстанда жүргеніне екі күн болған.
Кеше халықаралық байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы және мүшелерімен кездесті, олар байқаушыларға еліміздің сайлау жүйесінің ерекшеліктері мен дауыс беру тәртібі туралы айтып берді.
"Азаматтарды ақпараттандыруда ешқандай кемшілік жоқ екенін көрдік. Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмысты кәсіби деңгейде жүргізіп жатыр", - деді Сердар Мутта.
Ол азаматтардың қай учаскеде дауыс беретінін алдын ала білуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Қажетті ақпарат электрон сервистер, бұқаралық ақпарат құралдары және Орталық сайлау комиссиясының түсіндірмелері арқылы қолжетімді.
Учаскеге бару барысында Сердар Мутта сайлау комиссиясының жұмысы, бюллетеньдерді беру тәртібі және азаматтарға жасалған жағдамен танысты.
"Біз дауыс беру процесін тікелей бақыладық. Сайлаушылар жеке куәліктерін көрсетіп, бюллетеньдерін алады, жабық кабиналарға өтеді, содан кейін толтырылған бюллетеньдерді жәшікке салады", - деді ол.
Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалған жағдайға ерекше назар аударды. Учаскеде көру және есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін жеке кабина мен арнайы жүйе қарастырылған.
"Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруге қатысуын жеңілдететін жағдайлар жасалғанын көрдік. Бұл Орталық сайлау комиссиясының Қазақстанның әрбір азаматына қаншалықты маңыз беретінін көрсетеді", - деді ол.
Сондай-ақ Сердар Мутта Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзгерістерді атап өтіп, демократиялық институттарды дамыту жүйелі процесс екенін айтты.
"Демократияның дамып, күн өткен сайын жаңа элементтермен толығып, жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл процесс алдағы уақытта да жалғасады деп үміттенеміз", - деді Сердар Мутта.
Оның айтуынша, сайлау тыныш әрі мерекелік жағдайда өтіп жатыр.
"Біз Қазақстан халқын дос әрі бауырлас халық ретінде қабылдаймыз. Қазақстан күн өткен сайын өз демократиясын тағы бір қадам алға жылжыта беруіне тілектеспін", - деді ол.
Сонымен қатар Сердар Мутта Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының Қазақстан мен Түркия халықтары үшін маңыздылығына тоқталды.
Учаскелерде заңбұзушылықтар тіркелген жоқ – ТүркПА байқаушылары
Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясынан келген халықаралық байқаушылар Алматының алты сайлау учаскесінде болды. Топ құрамына Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан парламенттерінің өкілдері кірді.
Байқаушылар азаматтардың белсенділігін, дауыс берудің ашықтығын, комиссия мүшелерінің дайындығын және ерекше қажеттіліктері бар жандарға жасалған жағдайларды атап өтті. Олар болған учаскелерде ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген.
Түркия өкілі Филиз Кылыч учаскелерде тыныш әрі жылы шырайлы ахуал қалыптасқанын айтты.
"Сайлау учаскелері өте жақсы дайындалған. Жағдай өте жақсы. Әсіресе көру қабілеті бұзылған және мүгедектіктің өзге де түрлері бар жандар үшін барлық қажетті жағдайдың жасалғаны маңызды. Жауапты тұлғалар сайлауды ұйымдастыру мәселелерін терең меңгерген және жақсы дайындалған", - деді Филиз Кылыч.
Сондай-ақ ол Құрылтайдың жаңа құрамына сайланатын депутаттарға сәттілік тіледі.
"Бұл сайлау қазақ халқына, Қазақстан Республикасына және бүкіл түркі әлеміне игілік әкелсін деп тілеймін. Бауырлас Қазақстанмен ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да кеңейе береді деп сенемін", - деді ол.
Әзербайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов сайлауға жеті саяси партияның қатысып жатқанына назар аударды.
"Сайлауға жеті партияның қатысуының өзі - демократияның көрінісі. Бұл - демократия мерекесі, өйткені мұнда жеті түрлі пікір, жеті түрлі дүниетаным мен жеті түрлі саяси көзқарас ұсынылған. Жалпы, құрылтай дәстүрі тарихи тұрғыдан барлық түркі халықтарына жақын. Біздің бабаларымыз маңызды мемлекеттік шешімдерді дәл осындай жиындарда қабылдаған, сондықтан Қазақстанның қоғамдық диалогтың бұл формасын қайта жаңғыртып жатқанына қуаныштымыз. Бұл - түркі әлеміне ортақ тарихи мұраның маңызды бөлігі", - деді Хикмат Мамедов.
Оның айтуынша, дауыс беру күніне дейін миссия өкілдері саяси партиялармен кездескен. Байқаушының айтуынша, кездесуге қатысушылар сайлауға түсуге кедергі келтіретін ешқандай жайттар туралы хабарламаған.
Қырғызстан өкілі Улукбек Карыбек уулу байқаушылардың алты сайлау учаскесінде болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, дауыс беру процесі ұлттық заңнамаға және демократиялық стандарттарға сай ұйымдастырылған.
Байқаушылар дауыс беру құпиялылығының сақталуына, комиссиялар жұмысының ашықтығына және азаматтардың белсенділігіне назар аударды.
Бектұр Базакечов миссия өкілдерінің Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясы, саяси партиялар және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен кездесулер өткізгенін айтты.
"Біз сайлаушының учаскеге келген сәтінен бастап бюллетенді жәшікке салғанға дейінгі бүкіл процестің ашық, жария және ешқандай қысымсыз өтіп жатқанын көрдік", - деді ол.
Сонымен қатар ТүркПА өкілдері өз бағаларының әзірге алдын ала сипатта екенін атап өтті. Байқау жұмыстары дауыс беру аяқталып, бюллетеньдер саналғанға дейін жалғасады, содан кейін миссия түпкілікті қорытындысын ұсынады.
Элла Памфилова: сайлау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған
Ресей Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Элла Памфилова Астанадағы №282 сайлау учаскесіне барды. Ол Ресей ОСК өкілдері Қазақстандағы сайлауларды бақылауға тұрақты түрде қатысып тұратынын, бірақ өзі комиссия төрағасы ретінде елге алғаш рет келгенін атап өтті.
"Қазақстандағы әрбір сайлауға ресейлік әріптестерім міндетті түрде келеді. Ал мен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде бірінші рет келдім. Әріптесіме келемін деп уәде берген едім. Өйткені бұл сайлаудың қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл - жаңа Конституцияға сәйкес өтіп жатқан алғашқы Құрылтай сайлауы", – деді Элла Памфилова.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сайлау органдары тығыз іс-қимыл жасап, тәжірибе алмасып тұрады.
Памфилова сонымен қатар бірнеше учаскені аралап, комиссия мүшелерінің дайындығын, дауыс беру құпиялылығының сақталуын және сайлаушыларға деген қарым-қатынасты бағалады.
"Бүгін біз бірнеше учаскеде болдық. Барлығы уақытында ашылды. Комиссия мүшелерінің дайындығы өте жақсы. Оларды оқыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Әркім өз міндетін біледі, сайлаушыларға өте ілтипатпен және сыпайы қарайды. Дауыс беру құпиялылығы қамтамасыз етілген. Ұйымдастыру деңгейі тамаша", – деді ол.
Ресей ОСК төрағасы Ресей тәжірибесінде де қолдануға болатын бірқатар шешімдерді ерекше атап өтті. Атап айтқанда, сөз бюллетень алу кезінде сайлаушылардың дербес деректерінің құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін трафареттер туралы болып отыр.
"Мен бірнеше өте пайдалы дүниелерге назар аударып үлгердім. Маған дербес деректердің құпиялылығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін трафареттер қатты ұнады. Сайлаушылар бюллетень алған кезде қол қойғанда, тек өз деректерін ғана көреді. Бұл - өте жақсы шешім. Меніңше, біз де мұны қолданатын боламыз. Бұдан бөлек, біз назарға алған басқа да сәттер бар", – деді Элла Памфилова.
Армениядан келген байқаушы мерекелік атмосфера туралы айтты
Армения ОСК Халықаралық ынтымақтастық және жұртшылықпен байланыс басқармасының бастығы Эрмине Арутюнян елордадағы Қ. Мыңбаев атындағы мектеп-лицейде орналасқан №131 сайлау учаскесіне барды.
Армения ОСК делегациясы Қазақстанға дауыс беруден бір күн бұрын келіп, Орталық сайлау комиссиясының жұмысы және учаскелердің дайындығымен танысып үлгерді.
"Біз дауыс беруден бір күн бұрын келдік, кеше бізге ОСК жұмысымен танысуға мүмкіндік берілді. Орталық сайлау комиссиясы қызметінің ауқымы бізді тәнті етті", – деді ол.
Арутюнянның айтуынша, халықаралық байқаушылар инфрақұрылымның дайындығы мен процедуралардың ұйымдастырылуын жоғары бағалаған.
"Дауыс беру күні азаматтардың жоғары белсенділігін көрсетіп отыр. Демалыс күні болғанына қарамастан, ел тұрғындары таңертеңнен бастап учаскелерге келіп, сайлау процесіне белсене қатысуда. Процесс іркіліссіз және кідіріссіз өтуде, бұл әрбір сайлаушы үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді", – деді Эрмине Арутюнян.
Сондай-ақ ол учаскелердегі мерекелік атмосфераны атап өтті.
"Армения Республикасының жүз пайыздық пропорционалды сайлау құқығы бар парламенттік жүйе аясындағы көпжылдық жұмыс тәжірибесі болғандықтан, біз Қазақстандағы осыған ұқсас механизмдердің іс жүзінде іске асырылуын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазіргі реформалар алдағы саяси даму үшін берік негіз қалайды", – деп толықтырды ол.
Халықаралық байқаушылар сайлау процесінің цифрлану деңгейін, электрондық сервистер мен заманауи технологиялық шешімдердің қолданылуын ерекше атап өтті.
Еске салайық, 23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Бұл – 1991 жылдан бері елде өткізіліп жатқан оныншы парламенттік сайлау және Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, олардың депутаттары таратылғаннан кейін, жаңа Конституция қабылданғаннан бергі алғашқы науқан.
Енді Қазақстанда жаңа заң шығарушы орган - Құрылтай болады. Оның құрамына бес жылға сайланатын 145 депутат кіреді. Сайлаудан кейін депутаттар Құрылтай төрағасы мен оның үш орынбасарын бекітеді.
Құрылтайдағы 145 орын үшін жеті партия бақ сынап жатыр: "Әділет", "Ауыл", "Ақ жол", ЖСДП, "Байтақ", ҚХП және Respublica. Сайлау бюллетенінде "Бәріне қарсымын" деген нұсқа да бар.
