“Бұл үлкен кемшілік“ – Президент білім беру жүйесіне ЖИ ендіру жөніндегі жарлықтың орындалмауы туралы
Президент балалар мен педагогтардың жасанды интеллектіні дұрыс қолдануына бағытталған шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Tengri Edu.
Мемлекет басшысы биылғы мамырда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
"Алайда жаңа оқу жылының қарсаңында тапсырма тиісті деңгейде орындалмады. Бұл үлкен кемшілік. Себебі неде? Бәрібір технология қарыштап дамыған заманда мұндайға жол беруге болмайды. Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын", - деді Тоқаев Тамыз конференциясында.
Президент қазақстандықтарға цифрлық мемлекеттен цифрлық халықтық экономикаға өту қажет екенін нақтылады.
"Басқаша айтқанда, жасанды интеллект пен оның мүмкіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға тиіс. Жоғары білім саласында жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық, құқықтық және ұйымдастыру ерекшеліктерін ескеретін ортақ стандарт бар. Үкімет дәл осындай стандартты орта және кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізуі қажет", - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту бойынша әлемде екінші орында тұрғанын айтты.
